Павлодар облысында қанша оқушы көмекке мұқтаж?
«Мектепке жол» акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғаспақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин айтты.
– Бүгінгі таңда білім беру бөлімімен оқушылар тізімі жасалған. Бұл 3800-ге жуық оқушы. Жаппай оқыту қорынан 3111 оқушыға, «Мектепке жол» акциясы бағдарламасы шеңберінде 685 оқушыға көмек көрсетіледі деп жоспарлануда. Қала деңгейінде 47300 теңге көмек алатын ата-аналар мен оқушылар тізімі қарастырылды. Бүгінгі таңда 2184 оқушыға көмек көрсетілді,– деді бөлім басшысы.
Спикердің айтуынша, ата-аналардың құжаттарын тапсыруына байланысты әрі қарай бұл көмек жалғасын табады.
– Біріншіден, балалардың әлеуметтік әлсіз топтар санатына жата ма екенін анықтау үшін ата-анасы өтініш жазу керек. Екіншіден, егер атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, АӘК алатынын растайтын анықтама керек. Егер көмек алудан бас тартқан жағдайда сол жайлы ақпараты қажет. Сонымен қатар, толыққанды жәрдемақы, алимент, жалақы алатыны туралы мәлімет реттеліп, тапсырылуы керек. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар туралы қамқоршылық бөлімінен анықтамасын ұсынуы тиіс, – дейді Қуаныш Қыдыралин.
«Мектепке жол» акциясы аясында қала деңгейінде 1,5 миллион теңгеге жуық қаражатқа демеушілер есебінен 125 оқушыға жалпы көмек көрсетілген.
– Оған қоса, 19 тамызда дәстүрге айналған мектеп жәрмеңкесінде мектеп формасы, кеңсе тауарлары төмендетілген бағамен ұсынылады. Нақты өткізілетін жері белгіленуде. Бұл туралы қосымша хабарлайтын боламыз. Сондай-ақ, бірінші сынып оқушыларына көмек көрсетілуде. Мәселен, Халық банкі есебінен 50 балаға кеңсе тауарлары мен сөмке сыйға берілді, – дейді спикер.
Білім беру бөлімі науқан аясында жеңілдіктер жасау үшін хаттар жіберіп, шамамен оннан астам кәсіпкерді тарту жоспарланып отыр.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанованың айтуынша, өңірде көмекке 12 мыңнан астам бала мұқтаж.
– Бірінші кезекте әлеуметтік атаулы көмек алатын, жан басына шаққандағы орташа табысы төмен отбасылар, ата-ана қамқорынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлар болған кезде зардап шеккен отбасының балалары қамтылады. Қамқоршылық кеңесі атаулы көмекті ала алмай қалған, құжаттары дұрыс рәсімделмеген мұқтаж отбасыларға көмек көрсету жайлы мектеп әкімшілігімен бірлесіп, шешім шығаруға құқылы, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Бүгінгі таңда демеушілер мен әлеуметтік серіктестер 1600-ден астам оқушыға 15 миллион теңгеден астам сомаға көмек көрсетті.
Фото:Константин Шелков.