Қағаз жүзіндегі қоныс аудару: Павлодар облысы әкімдігінде түсінік берді
Облыс әкімдігінде прокуратура органдарының қоныс аударушылардың алған бюджет қаражаттарын тексеруге араласуын құптайтынын мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еске сала кетейік, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде Павлодар облысында азаматтарды жұмыс күші артық оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы республиканың халық саны аз қоныстанған солтүстік елді мекендеріне көшіру жобасын іске асыру аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілерінің анықталғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Осыған байланысты облыс әкімдігінде түсіндірме берді.
Аталмыш жоба аясында Павлодар облысына 20 мыңға жуық қоныс аударушы мен қандас көшіп келді. Олардың 48%-ы – әртүрлі біліктілігі бар еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Келгендердің жартысы – мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар.
Балалардың келуі ауыл мектептеріндегі оқушылар санының көбеюіне оң әсерін тигізді, кейбір жағдайларда мектептердің жабылуының алдын алып қалды. Мәселен, Аққулы ауданының Майқарағай ауылының мектебінде 26 бала оқыды, соңғы екі жыл ішінде мұндағы оқушылардың саны 69-ға дейін өсті. Шарбақты ауданының Шегірен ауылында оқушылар саны 70-тен 140-қа дейін өсті.
Қоныс аудару жобасын іске асыру Ақтоғай ауданының Барлыбай ауылында, Тереңкөл ауданының Жаңақұрылыс ауылында, Успен ауданының Ольгино, Белоусовка, Қаратай, Константиновка ауылдарында және т. б. оқушылар санының өсуіне әсер етті.
2017 жылдан 2023 жылға дейін жоба қоныс аударушыларға тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеуді көздеді. Төлем мөлшері 15-тен 30 АЕК-ке дейін болды.
2023 жылдан бастап тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін қоныс аударушыларға қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндік беретін мемлекеттік экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Сертификат тұрғын үй құнының 50%, бірақ, 1160 АЕК-тен аспайтын мөлшерде беріледі.
2023 жылы өңірдің мансап орталықтары осындай 542 сертификат беріп, олар бойынша 1,9 млрд теңге қаражат төленді.
Айта кетерлігі, экономикалық ұтқырлық сертификаттары бойынша ақша қаражатын төлеу туралы шешімнің мемлекеттік органдардың араласуына жол берілмейтін тұрғын үйді сатып алу-сату келісімшарты ұсынылғаннан кейін шығарылады. Шынында да, өкінішке орай, қазіргі уақытта үйлерді сатушылар мен қоныс аударушылар арасында үйлердің бағасын көтеру туралы өзара келісу жағдайлары анықталуда.
Алайда, экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беруде жұмыс органы болып табылатын мансап орталықтарының функционалында мұндай фактілерді анықтауға және жолын кесуге құқықтық өкілеттіктері жоқ.
Облыс әкімдігінде прокуратура органдарының қоныс аударушылардың алған бюджет қаражаттарын тексеруге араласуын құптайтынын және оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ Павлодар облысының мемлекеттік қызметшілеріне жылжымайтын мүлікке жоғары бағаларды көрсете отырып келісімшарттар жасасу, сертификаттарды заңсыз беру және олар бойынша жүргізілген төлемдерді жымқыруға қатысу жөнінде шағымдар жоқ екенін хабарлады.