Қысқа қамдану: Вице-министр Павлодардағы электр станцияларын аралады

Қысқа қамдану: Вице-министр Павлодардағы электр станцияларын аралады
Фото: ҚР Энергетика министрлігінен

Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов өңірдегі бірқатар блоктық электр станцияларын аралап, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Іс-сапар барысында Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары Илья Рожков та вице-министрмен бірге болды. Олар Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы, Екібастұз МАЭС-1 және Екібастұз МАЭС-2 станциясы секілді ірі нысандарда болып, жылу энергетикасы саласындағы негізгі жұмыстардың жүргізілу барысын пысықтады.

Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясында №3 энергоблоктың жөндеу жұмыстары аяқталып, қазіргі уақытта №4 энергоблокта жұмыс жүргізілуде. Екібастұз МАЭС-1-де №1, 2, 3, 4 энергоблоктарда ағымдағы жөндеу аяқталса, №5 энергоблок кеңейтілген ағымдағы жөндеуде. Ал Екібастұз МАЭС-2 станциясында №2 энергоблок қайта жаңартудан өтіп, №1 энергоблокта жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, барлық жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Сонымен қатар, көмір мен мазут қорларын қалыптастыру жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуде. Электр станцияларының көмекші жабдықтары да назардан тыс қалмай, жоспарлы жөндеуден өтуде.

– Жергілікті департаментке жылумен және электрмен жабдықтайтын негізгі объектілердегі жөндеу процесін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды. Бұл – алдағы маусымда тұрғындарды үздіксіз әрі қауіпсіз жылумен қамтамасыз ету үшін маңызды, – деді вице-министр Сұңғат Есімханов.

Еске сала кетейік, Павлодар облысы – еліміздің басты энергия орталықтарының бірі. Өңірде орналасқан ірі жылу электр станциялары республиканың энергетикалық қауіпсіздігінде маңызды рөл атқарады.