Үйінде қару сақтайды: Екібастұзда әйелін ұрып-соққан тұрғын қамалды
Екібастұзда отбасылық жанжалқой жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz ақпараттық-медиа порталының мәліметінше, қала тұрғыны 1 және 7 қарашада өзіне көптеген дене жарақаттарын келтірген жолдасына шара қолдану туралы өтінішпен жүгінген. Сондай-ақ ол күйеуінің пәтерде атыс қаруын сақтайтынын хабарлаған.
– Полиция 31 жастағы ер адамға қатысты жұбайына дене жарақатын салғаны үшін 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасын шығарды және ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғады. Әйелге сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама нәтижесін алғаннан кейін материал сотқа жіберіледі, – дейді департаментте.
Сонымен қатар жедел қызметкерлер де пәтерде тексеру жүргізді. Тінту іс-шаралары барысында жедел уәкілдер ер адамнан үш дана патроны бар, арнайы қабына салынған Stalker М908 тапаншасын тәркіледі. Пәтерде тағы алты пышақ пен белгісіз маркалы тапанша табылды.
Аталған факті бойынша ҚК-нің 287-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәркіленген қаруға баллистикалық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша шешім қабылданады.