Апатсыз және ақаусыз: Павлодар қаласы жылыту маусымына қаншалықты дайын?
Желідегі жөндеу жұмыстарына байланысты жабық болған жолдар қыркүйекте ашылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл облыс орталығында екі кезеңнен тұратын гидравликалық сынақтар өтті. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Амановтың сөзінше, көктемде анықталған 180 ақаудың барлығы жойылған болатын. Соңғы гидравликалық сынақтардың нәтижесінде 167 ақау табылып, оның 80%-ы жойылды.
– Бүгінде ыстық су 809 көпқабатты тұрғын үйге берілді. 400-ге жуық үй ыстық сусыз отыр. 5 қыркүйекке дейін оңтүстік желілік ауданға және 10 қыркүйекке дейін солтүстікке желілік ауданға ыстық су беріледі, – деді Әнуарбек Аманов.
Оның сөзінше, жыл сайын қалалық бюджеттен ақауларды жоюға қаражат бөлінеді.
– Мердігерлік ұйымдардың 30 бригадасы жұмыс істеп жатыр. Осы маусымдағы ақауларды жоюға 540 миллион теңге қарастырылды. Биылғы жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстары тозу көрсеткішін 92%-дан 91%-ға дейін түсіруге көмектеседі, – деп атап өтті Әнуарбек Аманов.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, №13 жылу магистралінің құрылысы жалғасуда. 200-ден аса тұрғын үйдің жылу параметрлері жақсарады.
– Тұрығындар тарапынан жолдардың жабылуына қатысты шағымдар көп түсуде. Естай-Қамзин, Ломов-Қамзин көшелеріндегі барлық жұмыстар 5 қыркүйекке дейін аяқталады, – деді Әнуарбек Аманов.
Жазғы жөндеу компаниясы кезеңінде Павлодарда барлығы 28 объектідегі жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Мысалы, №5 жылу магистралінде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Ұзындығы 240 метр қашықтықта құбырлар ауыстырылуда. Учаскеде дәнекерлеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталып, құбырға су толтыра бастайды.
– Бұл құбырда тозу көрсеткіші жоғары болды. Өткен екі жылыту маусымында ақаулар анықталған. Магистраль арқылы қаланың орталық бөлігіндегі Естай мен Ломов көшелеріне жылу беріледі, – деді «Павлодар жылу желілері» ЖШС бас инженерінің орынбасары Павел Плетухов.
Әнуарбек Аманов келер жылыту маусымында ақаулар болмас үшін гидравликалық сынақтардың нәтижелерінде анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын түсіндірді.
– Жылыту маусымы апатсыз өту үшін гидравликалық сынақтар басталады. Әрине, ақаулар шығып тұрады, олар болмайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Алайда біз өз тарапымыздан ақауларды жедел жоюға дайынбыз, – деді Әнуарбек Аманов.
Қала әкімдігі келесі жылы №20 жылу магистралі мен №5 көтергіш сорғы станциясын қайта құру үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлуге өтінім жіберді. Қайта құрылымдау жобаларына 7 миллиард теңге қажет. Сарамтаманың оң қорытындысы шығарылды. Құдайбердиев көшесіндегі орамішілік желілерді қайта құруға конкурс өткізілді.