Жалған инвестициялық жобаға 40-қа жуық павлодарлық алданып қалды

Жалған инвестициялық жобаға 40-қа жуық павлодарлық алданып қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанаттың мәлімдеуінше, өңірде әлеуметтік желі арқылы жалған инвестициялық жоба ұсынып, азаматтарды алдады деген күдікпен 30 жастан асқан әйел ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның әрекетінен 40-қа жуық азамат зардап шеккен.

Күдікті әлеуметтік желіде инвестиция салу арқылы жоғары көлемде пайда табуға болатыны туралы жалған ақпарат таратқан. Азаматтарға бастапқы салымнан кейін мол табыс түсетіні жөнінде уәде беріп, сол арқылы олардың сеніміне кірген.

– Зардап шеккендердің кейбірі екі-үш миллион теңгеге дейін қаражатын аударған. Қазіргі таңда келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асып отыр. Күдікті – осы облыстың тұрғыны, жұмыссыз әйел. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Ризабек Жанат.

Оның айтуынша, тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдарын сотқа жолдау жоспарланып отыр.

Тәртіп сақшылары күмәнді сілтемелерге абай болу керек екенін еске салады. Алаяқтар сыртқы көрінісі шынайы сайттарға ұқсас интернет-ресурстар жасай алады. Мұндай парақшалар логиндерді, құпиясөздерді және банк деректерін алу үшін пайдаланылуы мүмкін. Сайтқа өтпес бұрын оның мекенжайын мұқият тексеріп, ресми ресурс екеніне көз жеткізу қажет.

Тым тиімді көрінетін ұсыныстарға да сақтықпен қарау қажет. Үлкен жеңілдіктер, күтпеген ұтыстар, оңай табыс табу немесе жоғары пайда туралы уәделер алаяқтық схемаларда қолданылуы мүмкін. Ақша аудармас бұрын немесе қандай да бір деректерді бермес бұрын ақпаратты тексерген жөн.