«Ел анасы» Бақытжамал Максилова: Халықтың үштен бірі жастар екеніне қатты қуандым

«Ел анасы» Бақытжамал Максилова: Халықтың үштен бірі жастар екеніне қатты қуандым
Фото: Константин Шелков

Достық үйінде қоғам өкілдері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тікелей эфирде көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ұжым болып көруге облыстық мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам өкілдері, жастар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.  «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилованың сөзінше, биылғы Жолдау өзгеше болды.

– Жыл сайын Президенттің Жолдауын асыға күтеміз және әр жылда өзгеше болады. Биылғы  Жолдауда еліміздің үштен бір бөлігі жастар екені жайлы айтқан кезде қатты қуандым.  Президент жастарға «адал болыңдар, адам болыңдар» деп ерекше атап өтті.  Сондықтан ар-ождан алдында адал болып, әр қадамымызды адал басатын болсақ, ісіміз оңға басады, – дейді Бақытжамал Максилова.

«Ел анасы» еліміздің өркендеп дамуы үшін жастардың көзқарасы дұрыс болуы қажет екенін айтады. 

– Бұрынғы сарынмен жүруге болмайды, әрбір адам Отанының гүлденуі үшін үлес қосатын болса, барлығы жақсы болады. Бізге артқа қарай жүруге, қол қусырып, еңбек етпей отыруға болмайды. Бүгінде 75 жастан ассам да бос отырмаймын. Біз жастарға үлгі болуымыз керек, – деді спикер.

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында халықтың саны жыл соңына дейін 20 миллионға жететінін хабарлады. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар.