«Ұлттық қор – балаларға» жобасы жарты жылда қандай жемісін берді?
Қазақстандық балалардың білім алуы мен тұрғын үйіне миллионнан астам доллар аударылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсының мәліметінше, қазақстандық балалар Ұлттық қордан алғашқы төлемдерді ақпан айында алды.
– Президент бастамашылық еткен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі балалардың жинақтаушы шоттарына аударуды көздейді. Оларды пайдаланудың негізгі бағыттары – тұрғын үй жағдайын жақсарту және білім алуға ақы төлеу. Былтыр әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша көп жылдық тәжірибені ескере отырып, тиісті Заң қабылданды, оператор ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры анықталды. Биыл 18 жасқа толған балаларға 100 доллардан есептелді, – делінген хабарламада.
2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны 6,9 миллион адамды құрады. Аударымдарды egov.kz платформасы мен enpf.kz сайтынан бақылауға болады.
– БЖЗҚ деректеріне сәйкес, 1 шілдеге қарай тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім беру ақысын төлеуге 16,6 мың өтінім берілді, оның ішінде 13 мыңға жуығы жалпы сомасы 1,3 миллионға орындалды, – деді үкіметте.
Балаларға келесі қаражат есептеу 2025 жылдың ақпанына жоспарланған.