Тоқаев: 2024 — айрықша маңызды жыл

Тоқаев: 2024 — айрықша маңызды жыл
Фото: akorda.kz

 Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың ерекше маңызды жыл болатынын атап өтті, деп хабарлайды Kazinform.

— 2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды. Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық, — деді Мемлекет басшысы Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады.

— Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қол­дау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағ­дайында жұмыс істейтін азамат­тар үшін арнайы төлемақы енгі­зіл­ді. Табиғатты қорғауға жауапты ме­ке­мелердің қызметкерлеріне олар­дың өмірі мен денсаулығына төне­тін қауіп-қатерге қатысты үстеме­ақы төленетін болды, — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент медицина қыз­мет­керлерінің, мектепте, колледж­де және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өскенін атап өтті. 

Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді.

Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды.

— Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл — айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады, — дейді Президент. 

Ал жаңа жылда елі­міздің алдында қандай міндеттер тұрғаны жайлы сауалға Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экономикалық үлгіге көшеті­ні­мізді жеткізді.

— 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стра­те­гия­лық мақсат ретінде белгіледім. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отыры­сы өтеді. Онда еліміздің был­тыр­ғы әлеуметтік-экономикалық даму қо­ры­тындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады, — деді Мемлекет басшысы.  

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелер, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жат­қан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізілуі мүмкін. Осылайша, биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негіз­гі бағыт-бағдары бірінші тоқ­санда-ақ айқындалады.

Сұхбаттың толық мәтіні Egemen Qazaqstan газетінде жарияланды.