Өмірін жолмен байланыстырған павлодарлықтар Президенттің қолынан марапат алды

Өмірін жолмен байланыстырған павлодарлықтар Президенттің қолынан марапат алды
Фото: Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі

Тәжірибелі мамандар жоғары мәртебелі құрметке лайық деп танылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ақорданың мәліметінше, Президент еліміздің көлік саласын дамытуға, қатынас жолдарының инфрақұрылымын қалыптастыруға және жаңғыртуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады. Олардың қатарында Павлодар облысының азаматтары да бар.

«Қазақстан су жолдары» РМҚК Павлодар филиалы «Ғибадат Мусалимов» теплоходының аға моторшысы Сергей Аристов және «Қазақстан су жолдары» РМҚК Павлодар филиалының «Бриз» кемесі капитанының екінші көмекшісі Бауыржан Сатыбалдин «Құрмет» орденімен марапатталды. 

Ал Ержан Тілембеков «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «ЖТ Павлодар бөлімшесі» филиалы Екібастұз пайдалану вагон депосының вагондарды қабылдаушысы мен Екібастұз пайдалану локомотив депосының Ерейментау станциясы бойынша электровоз машинисі Сергей Щёголев «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.

Сондай-ақ, «Темір жол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағы» ҚБ Павлодар филиалы кәсіподақ комитетінің төрағасы Марат Сәдуақасов «Шапағат» медаліне лайықты деп танылды.