Екібастұз дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына қанша қаржы жұмсалды?

Екібастұз дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына қанша қаржы жұмсалды?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ең көп зардап шеккен – электр желілері, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Маусымның 19-ы күні Екібастұзды шарпыған дауылды жел Оңтүстік және Шығыс Қазақстанды электр энергиясымен қамтамасыз ететін «KEGOС» АҚ-ның электр желілеріне үлкен шығын әкелді. Бес тіреуіштің зақымдануы анықталды. Жергілікті «KEGOС» және көршілес облыстардың филиалдары электр қуатына қайта қосылып, ақауды жөндеп үлгерді. Қаланың алты шағын ауданындағы 90 көпқабатты үй жарықсыз қалған, бірақ 2-3 сағаттың ішінде осы үйлерге электр жарығы қайта қосылды. Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жұмыс сапары барысында Асайын Байхановқа мәлім етті. 

Тоғыз ауылдық елді мекен де жарықсыз қалды. Оның сегізінде бір күннің ішінде электр қуатын беру қалпына келтірілді. Құдайкөл ауылындағы кейбір үйлерде тәулік бойы жарық болмады, өйткені осы үйлерді «Павлодар электржелістік Тарату компаниясы» акционерлік қоғамы электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұған қрамастан, барлық мәселелер 24 сағат ішінде шешілді.

– 174 ауыл электр жарығынан ажыратылғандықтан, Павлодар электржелістік Тарату компаниясына үлкен жұмыс мөлшері түсті. Олар алты сағаттың ішінде 117 ауылдың электр жарығы қалпына келтірілді, – деп атап өтті аймақ басшысы.

«KEGOC» АҚ филиалының директоры Азамат Әміреновтің айтуынша, ол осындай қатты дауалды ешқашан көрмеген. Желдің жылдамдығы секундына 42 метрге жетті.

– Балқашқа қарай жүретін 17-ші транзиттік желіні жел ұшырып әкетті. Тіректер қалпына келтірілді. Ең қысқа мерзімде ГРЭС-1 мен Ертіс қосалқы стансасына электр жарығы қалпына келтірілді. Семей қосалқы стансасында түскі сағат 12-ден түнгі 2-ге дейін жұмыс істеген, 128 адам мен 48 арнайы техника жұмсалған. Ол үшін Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарының техникалары пайдаланды, – деді Азамат Әміренов.

Екібастұзда 66 көпқабатты үй зардап шекті. Толығымен жұлынған шатырлар жоқ. Жалпы екі әкімшілік ғимарат, облысаралық оқу орталығы, кәсіпкерлік нысандары зақымданған. Қазіргі таңда аталған нысандар қалпына келтірілген болатын. Мамандар барлық шығынды есептеп, сметаны жүргізіп, төтенше жағдай жариялады. Барлық қалпына келтіру жұмыстарды үш-төрт аптаның ішінде аяқтау жоспарлануда.

Жалпы шығын «KEGOС» компаниясын қосқанда 166 миллион теңгеге бағаланды. 40 миллионнан астамы көпқабатты тұрғын үйлерді қалпына келтіруге жұмсалды, қалғаны әлеуметтік нысандарға, өтемақыға және зақымданған үйлердің тұрғындарына төлемдерге жұмсалды.

– Ең бастысы – ақпараттық жұмысты дұрыс ұйымдастыру, – деді Асайын Байханов. – Халыққа кімге барып жазуды, қайда барып өтінім беруді, электрондық түрде болса, қай мекенжай бойынша немесе қандай мекемеге жазу керек туралы ақпаратты бір рет қана берумен шектелмей, жоқ дегенде әр 4-5 күнде ақпаратты беру керек. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде, әсіресе әлеуметтік парақшаларда бекіту деген функцияны қолдаңыз. «Актуальное» деген бөлімінде осы ақпарат тұру керек. Ақпарат жоқ кезде адам «билік жұмыс істемейді», «ешқандай шара қолданбайды» деген сияқты неше түрлі ойлай бастайды.

Облыс әкімі күні-түні тынымсыз еңбек еткен басшылардың қажырлы еңбегін атап өткен. Асайын Байханов мұндай табиғаттың кез келген кұбылыстарына әрдайым дайын болу керектігін еске салды.