Қан донорына арналған чек-парақ

Қан донорына арналған чек-парақ

Павлодар облысында жыл сайын 10 мыңнан астам адам қан доноры атанады. Донор болу үшін қандай талаптар қойылады, қан тапсырар алдында қалай дайындалу керек және донациядан кейін нені ескеру қажет? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға Павлодар облыстық қан орталығының мамандары @Pavlodarnews.kz тілшісіне айтып берді.

Донор болуға қойылатын талаптар

  • Жасыңыз 18-ден асқан.
  • Дене салмағыңыз 50 кг-нан кем емес.
  • Денсаулық жағдайыңыз жақсы.
  • Медициналық қарсы көрсетілімдеріңіз жоқ.
  • Дәрігерлік медициналық тексеруден өтуге дайынсыз.
  • Қандай жағдайда қан тапсыруға болмайды?
  • Тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдер:
  • Туберкулезбен ауырған жағдайда.
  • АИТВ-инфекциясы болған жағдайда.
  • Мерезбен ауырған жағдайда.
  • Вирустық гепатитпен ауырған жағдайда.
  • Наркологиялық диспансерлік есепте тұрған жағдайда.

Уақытша шектеулерге сәйкес, өзін нашар сезінетін, мас күйдегі немесе түнгі ауысымнан кейінгі адамдарға қан тапсыруға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ жүктілік және бала емізу кезеңінде донор болуға болмайды. Ал бактерияға қарсы препараттарды қабылдаған адамдар соңғы дәріні қабылдағаннан кейін кемінде екі апта, аспирин немесе салицилаттар бар препараттарды қабылдағандар кемінде үш күн күтуі қажет.

Қан тапсырар алдында дайындық

  • Қан тапсырар алдында жақсылап ұйықтаңыз.
  • Ауыр физикалық жұмыстардан аулақ болыңыз.
  • Қан тапсырардан 48 сағат бұрын алкоголь ішпеңіз.
  • Қан тапсырардан екі сағат бұрын темекі шекпеңіз.
  • Жеңіл таңғы ас ішіңіз.
  • Тәтті шай, шырын, газдалмаған сусындар және печенье тұтынуға болады.
  • Сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішіңіз.
  • Қан тапсырар алдында тұтынуға болмайтын тағамдар

Қан тапсырудан 1-2 күн бұрын донорларға кейбір тағамдарды тұтынудан бас тарту ұсынылады. Атап айтқанда, қуырылған және майлы тағамдар, бешбармақ, кәуап, майлы ет, ысталған өнімдер мен шұжықтар, ащы тағамдар, сүт және ашытылған сүт өнімдері, майонез, қаймақ, кетчуп, балмұздақ, йогурт, ірімшік, жұмыртқа, саңырауқұлақтар, өсімдік майы, сары май, маргарин, сондай-ақ жаңғақтар мен тұқымдарды уақытша рационнан алып тастаған жөн.

Қан орталығына қандай құжат алып келу керек?

Жеке куәлік немесе цифрлық құжаттар сервисіндегі электрондық жеке куәлік.

Қазақстан Республикасы азаматының паспорты немесе әскери билеті.

Қан орталығында қандай тексерулерден өтесіз?

  • Дәрігер-терапевттің медициналық тексеруінен өтесіз.
  • Саусағыңыздан қан алынып, зертханалық зерттеу жүргізіледі.
  • Гемоглобин мөлшері анықталады.
  • Қан тобы мен резус-фактор анықталады.
  • АЛТ көрсеткіші анықталады.
  • Келл антигені анықталады.

Қан тапсыру процесі

Бір рет қан тапсыру кезінде донордан 450 мл тұтас қан алынады. Қан алу процедурасы шамамен 12-15 минутқа созылады.

Қан тапсырғаннан кейінгі ережелер

  • Қан тапсырғаннан кейін 5-10 минут отырып демалыңыз.
  • Бас айналу немесе әлсіздік байқалса, медицина қызметкерлеріне хабарлаңыз.
  • 30-60 минут бойы темекі шекпеңіз.
  • Тәулік бойы сұйықтықты көбірек ішіңіз.
  • Таңғышты 1,5-2 сағат бойы шешпеңіз.
  • 12 сағат бойы ауыр дене жүктемелерінен бас тартыңыз.
  • Көлік жүргізуден уақытша бас тартқан жөн.

 Келесі қан тапсыру үшін кемінде 60 күн күту керек. 

 Донорларға арналған әлеуметтік кепілдіктер

  • Қан тапсырғаны үшін 0,25 АЕК мөлшерінде ақшалай баламасы беріледі.
  • Өтеусіз қан тапсырған донорға орташа жалақысы сақтала отырып, қосымша бір күн демалыс беріледі.
  • Егер донация күні жұмысқа шықсаңыз, келісім бойынша басқа демалыс күні берілуі немесе жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін.
  • Донация күндері түнгі, үстеме, ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмейді.
  • Әскери қызметшілер, тиісті органдардың қызметкерлері және студенттер донация күндері қызметтік міндеттерінен немесе оқу процесінен босатылады.