«Қаныштың ізімен»: Павлодарлықтар Ұлытау облысына экспедицияға аттанады
Экспедиция академик Қ. Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерейтой аясында «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының ұйымдастыруымен өңірдің шығармашыл жастарынан жасақталған «Қаныштың ізімен» экспедициясы ұйымдастырылмақ.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында орталық директоры Замира Солтанова мәлім етті.
Экспедиция академик Қ. Сәтбаевтың ғұмырнамасында маңызды рөл атқарған Ұлытау облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары, Қарсақбай, Жезді елді мекендеріне ат басын тіреп, жергілікті халық, шығармашылық өкілдерімен жүздесулер өткізуді жоспарлап отыр.
Экспедиция құрамында облыста мәдениет, өнер, әдебиет, ғылым салаларында еңбек етіп келе жатқан 35 жасқа дейінгі жастар қамтылған. Олардың қатарында Марғұлан университетінің ғылыми-зерттеу институты қызметкері Мұзафар Болатбек, блогер, журналист Оңғар Қабден, айтыскер ақындар Бөкен Жігер, Мизан Жұмалі, дәстүрлі әнші Тәттімбет Жасқайратұлы сияқты 30 адам бар.
– Экспедиция мүшелері 27 мамыр күні таңертең жолға шығып, алдымен академиктің туған жері, Сәтбаев ауылына барады. Сол күні Баянауыл, Қарағанды, Сәтбаев қалаларына жетіп, Жезді кенті мен Қарсақбай ауылына жетіп, сол ауылда шатыр тігіліп, далада тамақтанып, түнейді, – деді орталық директоры.
Сондай-ақ, 28 мамыр күні Жезқазған қаласында болып, Қарсақбай ауылындағы академик Қ.Сәтбаевтың музей-үйіне, Жезді кентінде Тау-кен және барлау ісі тарихи музейіне, Жезқазған қаласында академик Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейге, және әйгілі «Қазақ-Мыс» корпорациясына саяхат жасайды. Сәтбаев қаласында «Ұлар» әдеби клубымен әдеби кездесу ұйымдастыруды жоспарлауда. Жезқазған қаласында қону қалашығы ұйымдастырылады.
– Қаныш Имантайұлының бірге жаңаса жүріп қызмет еткен, көзін көрген ағаларымыздың қалған ұрпақтарымен жүздесу, пікірталасу арқылы тың деректер аламыз, мүмкін құнды жәдігергерді кездестіруіміз деген ойдамын, – деді экспедиция мүшесі Мұзафар Болатбек. – Ұйымдастырылып отырған экспедицияның мән-мағынасы осында деп ойлаймын.
Еске сала кетейік, ғалымның 125 жылдығына 500-ден астам іс-шара жоспарланған. Ұлы жерлесіміздің мерейтойын ресми түрде атап өту 14-15 маусым күндері Баянауыл ауданының Сәтбаев ауылында өтеді.