Қар астында қалған картоп: Павлодар облысында арнайы жұмыс топтары құрылады
Кенеттен жауған қардың салдарынан аудандарда көкөніс шаруашылықтары шығынға ұшырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ауа райының тосын мінезі егін жинау жоспарын бұзды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының хабарлауынша, қар астында Ақсу, Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтары, Павлодар және Ақтоғай аудандарының ауылдық аймақтарындағы көкөністер қалып қойған.
Қыркүйек пен қазан айының басындағы жиі жауған жаңбыр, қазандағы күрт суыту мен қардың түсуі салдарынан 15 шаруашылық картопты дер кезінде жинап үлгермеген. Қауіп астында қалған егіс көлемі – 1 180 гектар, бұл жалпы егіс алқабының шамамен 3 пайызын құрайды.
Мамандардың айтуынша, бұл егістіктер Ертіс өзенінің бойындағы 30 шақырымдық аймақта орналасқан.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімовтің айтуынша, ведомство өкілдері ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қаржы институттарының қатысуымен кеңес өткізген. Кездесудің басты тақырыбы – фермерлерге қолдау көрсету және несие мерзімін ұзарту мүмкіндіктері.
– Әр шаруашылық бойынша мәселе жеке қаралады: бұл несие мерзімін ұзарту, төлем кестесін өзгерту немесе басқа да көмек түрлері болуы мүмкін. Біз әр ауданда арнайы жұмыс тобын құруды ұсындық. Аудан әкімінің қаулысымен құрылған бұл топтар жағдайды тексеріп, акт жасайды. Сол акт несие мерзімін ұзарту мәселесін қарауға негіз болады. Басқа өтемақы түрлері қарастырылмайды. Егер егістіктер сақтандырылған болса, сақтандыру жүйесі іске қосылуы мүмкін. Бірақ төтенше жағдай режимі қолданылмайды: егер қар қыркүйек немесе тамызда жауған болса, онда бұл мүмкін болар еді, – дейді Есентай Мүрсәлімов.
Өңірде картоп жинау жұмыстары жалғасуда. Далада қалған өнім нақты есепке алынады. Залал көлемі анықталғаннан кейін әрі қарай жиналмайтын алқаптың көлемі белгіленеді.
Ауыл шаруашылығы мамандарының көпжылдық бақылауына сәйкес, қазан айында қардың түсуі шамамен әр 15 жылда қайталанатын құбылыс. Бұл – облыстың күрт континенттік климатындағы қалыпты жағдай. Мұндай жауын-шашын 1951, 1958, 1963, 1986 және 2009 жылдары тіркелген.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 2025 жылы картоптың егіс алқабы 31,2 мың гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,2 мың гектарға артық. Бүгінгі күні 30,2 мың гектар жиналды, жалпы өнім көлемі – 894,8 мың тонна, орташа өнімділік – гектарына 296 центнер. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 280 мың тоннаға көп.
Бұған дейін павлодарлықтар қардың салдарынан ағаштардың зақымдануы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген. Алайда биологтар тұрғындарды сабырға шақырды. Көпшілік ағаш түрлері үшін мұндай жауын-шашын қауіпті емес.