Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасының маңызына тоқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасының маңызына тоқталды
Фото: Ақордадан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шарада сөз сөйлеп, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызына тоқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мемлекет басшысы саябақта тал егіп, ортақ іске атсалысқан жастар мен еріктілерге алғысын білдірді.

– Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау – халқымыздың бойындағы асыл қасиет. Бұл – бабаларымыздан қалған өсиет әрі аманат, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі мақсаты елді көркейту, халықты ортақ іске жұмылдыру және қоғамдағы экологиялық мәдениетті арттыру екенін атап өтті.

– Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. «Таза Қазақстан» – жай ғана ұран емес. Елдің тазалығы мен қоғамдық тәртіп өркениетті болашаққа бастайтын маңызды құндылықтар, – деді ол.

Президенттің айтуынша, жыл басынан бері елімізде 600-ден астам экологиялық іс-шара өтіп, оған 7 миллион адам қатысқан. 130 мыңнан астам гектар аумақ тазартылып, 1,3 миллион тал егілген.

Мемлекет басшысы бұл жұмысты жаңа сапалық деңгейге көтеру қажеттігін айтып, елімізде тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеуді ұсынды.

– «Таза Қазақстан» – жалпыұлттық сипатқа ие болған бастама. Бұл – халқымыздың саналы таңдауы. Осындай маңызды жұмыстың арқасында қоғамда жаңа қасиеттер мен құндылықтар қалыптасып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елдің әрбір азаматы қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтап, табиғатқа ұқыпты қарауы қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, тазалық пен тәртіп халықтың тұрмыс мәдениеті мен елдің өркениет деңгейінің маңызды көрсеткіші болуы тиіс.

Сөз соңында Мемлекет басшысы жастар мен еріктілердің қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуының маңызын атап өтті.

– Еліміздің болашағы – сіздер сияқты білімді, белсенді, көзі ашық, көкірегі ояу, талапты жастардың қолында! – деді Президент.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шарада сөйлеген сөзін толық мына сілтемеден оқи аласыздар.