«Қайрат» vs «Реал»: қазақстандықтар үшін тарихи матчтың алғашқы таймы қалай өтті

Алматыдағы Орталық стадионда Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясындағы тарихи кездесу басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мыңдаған жанкүйер ел футболының тарихындағы ең маңызды ойындардың бірін тамашалау үшін жиналды. Матч билеттері бір тәулікке жетпей сатылып кеткен.
Командалардың құны арасындағы айырмашылық айқын: мадридтік «Реалдың» құрамы 1,4 млрд еуроға бағаланса, «Қайрат» футболшыларының жалпы құны 12,7 млн еуро шамасында. Соған қарамастан, алматылықтар матчқа табандылықпен шықты. Қақпаны 18 жастағы Шерхан Қалмырза қорғауда, ал қарсы тараптан Килиан Мбаппе мен Винисиус секілді әлемдік жұлдыздар алаңға шықты.
Бірінші таймда испандық гранд ойынды толық бақылауына алды. 24-минутта қорғаушы Егор Сорокиннің сәтсіз пасынан кейін «Қайрат» қақпасына пенальти белгіленді. Килиан Мбаппе оны 25-минутта сәтті орындап, есепті ашты – 0:1.
Одан кейін де «Реал» бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды: 38-минутта Мбаппе қақпаға қатты соққы жасады, бірақ қиыс кетті, ал үзіліске дейін тағы бір мүмкіндігін мүлт жіберді. «Қайрат» та қарап қалған жоқ: 44-минутта Дастан Сатпаев соққы жасауға талпынғанымен, қарсылас қорғаушылары допқа жол бермеді.
Алғашқы тайм 1:0 есебімен «Реалдың» пайдасына аяқталды. Атақты қарсыласына қарамастан, алматылықтар қайсарлық танытып, лайықты ойын көрсетті.
Старттық құрамдар:
- «Реал Мадрид»: Куртуа, Асенсио, Хейсен, Алаба, Фран Гарсия, Тчуамени, Гюлер, Себальос, Мастантуоно, Винисиус, Мбаппе;
- «Қайрат»: Қалмырза, Тапалов, Мартынович, Сорокин, Мата, Арат, Касабулат, Мрынский, Жоржиньо, Громыко, Сатпаев.
Айта кетейік, «Қайрат» алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Плей-оффта алматылықтар шотландиялық «Селтикпен» кездесіп, екі ойында да (0:0) тең түсті. Жауапты матч Алматыда пенальти сериясына ұласып, онда «Қайрат» 3:2 есебімен жеңіске жетті. Басты қаһарман қақпашы Темірлан Анарбеков болып, үш соққыны қайтарды. Бұл жетістік үшін клуб шамамен 18,6 млн еуро көлемінде жүлде қорын иеленді.
Қазақстан футболындағы бұл тарихи қадам жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлап, «Реалмен» матч ел үшін нағыз футбол мерекесіне айналды.
Тікелей трансляцияны «Qazsport» және «Qazaqstan» телеарналары көрсетеді.