Қазақстан AI және адами дағдылар индексінде 55-орынға ие болды

Қазақстан AI және адами дағдылар индексінде 55-орынға ие болды
Фото: gov.kz

Қазақстан Coursera Global Skills Report 2026 жаһандық есебі аясында ұсынылған AI-Human Skills Synergy Index 2026 рейтингінде 98 елдің ішінде 55-орынға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жаңа индекс жасанды интеллект саласындағы дағдыларды сыни ойлау, көшбасшылық, коммуникация және күрделі міндеттерді шешу сияқты адами құзыреттермен қатар дамыту деңгейін бағалайды.

Coursera әдістемесінде онлайн оқыту платформасын пайдаланушылардың дағдыларды меңгеру белсенділігі, зерттелетін құзыреттердің ауқымы және AI мен адами дағдылардың үйлесімі ескеріледі. Сондай-ақ бағалауда Oxford Insights Government AI Readiness Index деректері пайдаланылады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанда AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында жасанды интеллект бойынша білімді тек меңгеріп қана қоймай, оны оқу процесінде қолдануға жағдай жасауға басымдық беріліп отыр.

– Бүгінде бағдарламаға 100 жоғары оқу орны қатысып, курстарды білім беру процесіне енгізу, нәтижелерді бақылау және оқу мазмұнын жаңарту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Қазірдің өзінде 1 200-ден астам педагог заманауи онлайн оқыту әдістерін меңгеріп, 35 авторлық курс әзірлеуге қатысты, – деді министр.

Coursera деректері платформаны пайдаланушылардың оқу белсенділігіне негізделетіндіктен, индекс елдегі барлық халықтың AI және адами дағдылар деңгейін тікелей көрсетпейді. Дегенмен ол цифрлық оқытуға қатысушылар арасындағы дағдылардың даму динамикасын және халықаралық үрдістерді бағалауға мүмкіндік береді.