Ақордада елдің әр аймағынан келген балаларға экскурсия ұйымдастырылды

Келген оқушылар Президент атынан сыйлықтарға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қонақтар қатарында озат оқушылар, пәндік олимпиадалар мен түрлі байқаулардың жеңімпаздары, спорттық жарыстардың жүлдегерлері, сондай-ақ ерлік көрсеткен балалар болды. Бұдан бөлек, экскурсияға көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер де қатысты.
Экскурсия барысында оқушылар Ақорданың басты салтанатты холын, ресми іс-шараларға арналған залдарды, Президент кітапханасы мен резиденция аумағындағы бақты аралап шықты. Оларға ғимараттың сәулеті, салыну тарихы және мұнда өткен маңызды оқиғалар туралы баяндалды.
Шара соңында балаларға Президент атынан естелік сыйлықтар табыс етілді. Сапар аясында дәстүрге сай балалар елорданың көрнекті орындарын да тамашалады.
Биыл Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар «Қазақстан балалары» атты бірыңғай тұжырымдама негізінде өтті. 22 мамыр мен 1 маусым аралығындағы онкүндік аясында отбасы, денсаулық, білім, қауіпсіздік және бала құқықтарын қорғау тақырыптарына ерекше мән берілді.
Еліміздің барлық өңірлерінде білім беру, мәдени, спорттық және қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Онкүндіктің бір күні цифрлық технологиялар мен балалардың интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігі тақырыбына арналды.