Қазақстан білім сапасы бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді
Еліміз халықаралық деңгейде ықпалдасқан және тұрақты дамып келе жатқан білім жүйесі бар мемлекеттер тобына қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан білім беру саласындағы жаһандық позициясын нығайтып, Insider Global Education Index рейтингінде 18-орынға ие болды.
Рейтинг қорытындысы бойынша Қазақстан Польша (19-орын) мен БАӘ (20-орын) сияқты елдерді, сондай-ақ Мексика мен Бразилия сынды ірі экономикаларды басып озды. Қазіргі таңда отандық білім беру жүйесі Нидерланд және Сауд Арабиясымен бір деңгейде бәсекелесіп жатыр. Көш басында АҚШ, Ұлыбритания және Қытай орналасқан.
Зерттеу барысында университеттердің QS Top 1000 тізіміндегі үлесі, олардың орташа позициясы және білімге бөлінетін мемлекеттік инвестиция көлемі ескерілген. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Satbayev University бастаған 10-нан астам қазақстандық жоғары оқу орны әлемдік топ-1000 тізіміне кіреді.
Мамандардың айтуынша, ЖІӨ-нің 3-4%-ы деңгейіндегі тұрақты қаржыландыру жүйедегі ауқымды реформаларды қолдауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар халықаралық серіктестіктер нығайып, академиялық ұтқырлық бағдарламалары кеңейіп келеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан өңірдегі ең қарқынды дамып келе жатқан білім беру орталықтарының бірі ретінде танылуда. Бұл көрсеткіштер елдің білімге негізделген экономикаға көшуі мен ұзақ мерзімді экономикалық өсімі үшін берік институционалдық негіз болмақ.