Павлодарда Кәсіпкерлер күніне орай өңірдің үздік бизнес өкілдері марапатталды

Павлодарда Кәсіпкерлер күніне орай өңірдің үздік бизнес өкілдері марапатталды
Фото: atameken.kz

Салтанатты шарада өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері мен өндіріс басшыларына мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған жиында өңірлік палата директоры Айдос Шайхислам бизнес-қоғамдастық өкілдерін құттықтап, елеулі үлес қосқан азаматтарға наградалар тапсырды.

«Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың алғыс хаттарымен «Рубиком» кәсіпорны» ЖШС бас директоры Елена Осинская мен «Қазэнергокабель» АҚ бас директоры Дмитрий Цымбал марапатталды.

Ал Ұлттық палатаның Құрмет грамотасы Қазақстан тасымалдаушылар ұлттық қауымдастығының президенті Павел Телицынға, «Талапкер» шаруа қожалығының басшысы Амангелді Бисембиновке және сертификаттау маманы Альфия Қасқырға берілді.

Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП III дәрежелі «Іске адалдығы үшін» медалі Ақсу қалалық филиалының директоры Сайлаугүл Жақуповаға бұйырса, «Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Құрметті қызметкері» төсбелгісі Светлана Воронцоваға табысталды.

– Өңірлік палатада идеяларымызды ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Көптеген мәселе халықаралық деңгейде де, ӨКП алаңында да талқыланды. Бизнес пен палата арасында тығыз байланыс орнап, біртұтас командаға айналдық, – деді Қазақстан тасымалдаушылар ұлттық қауымдастығының президенті Павел Телицын.

Кездесу соңында кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, ел экономикасын одан әрі дамытуға ниетті екендіктерін білдірді.