Қазақстанда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің өсуі байқалады

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің өсуі байқалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өндіріс көлемі 14,9 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қойған еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту жөніндегі міндеттердің іске асырылуы туралы мәлімдеді.  

Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің даму қарқыны атап өтілді. Өндіріс көлемі 14,9 трлн теңгені құрады, бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 4,9%-ға артық. 

Металлургиядағы өсім ұлттық инвестор «Qarmet»-тің келуімен және кешенді жаңғыртудың басталғанымен байланысты. Нәтижесінде өндірістік тұрақтылық, қызметкерлердің орташа жалақысының 13,5%-ға көбеюі байқалады. 2024 жылы шамамен 1,3 трлн теңгеге 180 жобаны іске қосу жоспарланған, – деді Роман Скляр.

Металлургия, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы, машина жасау, химия салаларында 17 серпінді жобаны іске асыру ерекше бақылауда екені атап өтілді. Әрбір жоба бойынша егжей-тегжейлі жоспарлар бекітілді. Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі жұмыс шеңберінде отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар мен оффтейк-келісімшарттар жасасуды көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленді. Тауар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету тетігі енгізілді. Қазірдің өзінде ірі жеткізушілермен 25 келісім жасалды.