Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш қолданғандар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін

Елімізде медицина қызметкерлеріне күш қолданғандарға қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту ұсынылып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев медициналық қызметкерлерге көрсетілетін қысым мен шабуыл жағдайлары жиілеп кеткенін алға тартты. Мәселен, кейбір адамдар жедел жәрдем көлігінің жолын бөгеп, кейін дәрігерлерге тікелей күш қолдануға дейін барған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, біз Мәжіліс депутаттарымен бірге медицина саласы қызметкерлерін қорғауға бағытталған заң жобасын дайындадық. Енді медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау – құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуылмен теңестірілуі тиіс. Бұл – әділ шешім, – деді Ермек Көшербаев.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Қылмыстық кодекске 158-1 деген жаңа бап енгізу көзделіп отыр. Бұл бап бойынша:
- Егер медицина қызметкерін қорқыту тіркелсе – екі жылға дейін бас бостандығын шектеу;
- Егер дене жарақаты салынса – екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- Егер оқиға төтенше жағдайда орын алса – 10 жылға дейін;
- Ал бірнеше адамның медицина қызметкерлеріне топтық түрде шабуыл жасауы – 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкелуі мүмкін.
Министрдің айтуынша, бұл түзетулер медицина қызметкерлерін қорғауға арналған маңызды құқықтық тетікке айналады. Заң жобасы 2025 жылғы қыркүйек айында Парламент қарауына ұсынылмақ.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2019 жылдан бері елімізде дәрігерлер мен фельдшерлерге қатысты 170-тен астам шабуыл фактісі тіркелген.