Қазақстандық шахматшылар әлемдік деңгейге шықты

Эдгар Мамедов пен Бибісара Асаубаева гроссмейстер атағына қажетті барлық талаптарды орындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан шахмат федерациясы баспасөз орталығының мәліметінше, Шарджада (БАӘ) өте мықты құраммен өткен «Sharjah Masters International Chess Championship 2025» халықаралық турнирі аяқталды. Бұл жарысқа 64 гроссмейстер мен 17 халықаралық шебер қатысып, олардың рейтингтері 2453-тен 2771-ге дейінгі аралықта болды.
Қазақстандық шахматшылар үштігі – Эдгар Мамедов (2492, +16,9 рейтинг), Бибісара Асаубаева (2494, +15,3) және гроссмейстер Ринат Жұмабаев (2551, +5,2) тиісінше 24-, 28- және 29-орындарды иеленді. Бибісара әйелдер арасында ең үздік нәтиже көрсетіп, 2024-25 маусымының Гран-при жеңімпазы, Қытай өкілі Чжу Цзиньэрді (2541) бір ұпайға, ал шахмат олимпиадасының чемпионы, үндістандық Дивья Дешмухты (2469) бір жарым ұпайға басып озды.
– Эдгар Мамедов бұған дейін гроссмейстерлік үш нормативті орындаған болатын және осы турнир барысында GM атағын растау үшін қажетті 2500 рейтинг межесінен асты. Ал Бибісара Асаубаева осы жарыста үшінші гроссмейстерлік нормативін орындады. Оның алғашқы екі нормативі 2021 жылғы қарашада Латвияның Рига қаласында өткен «Үлкен швейцаркада» және 2023 жылғы сәуірде Нью-Делиде өткен Гран-при кезеңінде орындалған болатын. Сонымен қатар, ол да рейтингтік 2500 шегінен өтіп, барлық талаптарды толық орындады, – деді федерацияның баспасөз орталығы.
Енді Эдгар мен Бибісара үшін соңғы қадам – FIDE Президенттік кеңесінің 2025 жылғы екінші отырысында олардың гроссмейстер атағын ресми түрде бекіту.
Бибісара бұл атаққа ие болған Қазақстандағы екінші әйел шахматшы болмақ. Бірінші – Жансая Әбдумалик.
Қазақстан шахмат федерациясы Эдгар Мамедов пен Бибісара Асаубаеваның жетістіктерін жоғары бағалап, олардың отбасыларына, жаттықтырушыларына және жанкүйерлеріне алғысын білдірді.