Қазақстаннан 10 мың доллардан астам қолма-қол валютаны әкетуге тыйым салынған

Қазақстаннан 10 мың доллардан астам қолма-қол валютаны әкетуге тыйым салынған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әр отбасы мүшесі, соның ішінде балалар, жеке-жеке осы лимит шегінде валюта әкете алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығының мәліметінше, «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске (343-баптың 1-тармағының 7-тармақшасы) сәйкес, егер Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағына әкелінетін немесе одан әкетілетін қолма-қол ақша мен жол чектерінің жиынтық сомасы 10 000 АҚШ долларынан асатын болса, олар кеденде декларациялануға тиіс. Бұл сома кеден декларациясы тапсырылған күнгі валюта бағамы бойынша есептеледі.

Алайда, ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 Жарлығына сәйкес, Қазақстаннан қолма-қол шетел валютасын немесе ақша құралдарын 10 000 АҚШ долларынан асатын мөлшерде әкетуге тыйым салынған. Бұл шектеу елдің қаржылық тұрақтылығын сақтау мақсатында енгізілген және әлі де қолданыста.

Сонымен қатар, «Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 23 шілдедегі № 124 шешіміне сәйкес 16 жасқа толмаған балалардың жеке пайдалануға арналған заттары олармен бірге жүретін ересек адамның декларациясына енгізіледі. Осылайша, отбасының әр мүшесіне – ересек болсын, бала болсын – 10 000 АҚШ долларына дейін қолма-қол шетел валютасын жеке-жеке әкетуге рұқсат етіледі.