Қырғыз әртістері Павлодар үшін 2,5 мың шақырым жол жүріп келді
Павлодарда «Ертіс-Баян» II республикалық театр фестивалі өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қырғыз әртістері фестивальге келу үшін екі автокөлікпен 2,5 шақырым жол жүріп өтті. Павлодарда өтіп жатқан театр фестиваліне Қырғызстаннан Тоқтоғұл Әжібаев атындағы Алай музыкалық драма театры да қатысып жатыр. Ұжым фестиваль аясында «Құса» моноспектаклін ұсынып, шеберлік сабақтары мен кәсіби пікір алмасуға қатысты. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қырғызстанның халық әртісі Алымқұл Исаков Павлодарға алғаш рет келгенін айтып, фестивальдің жоғары деңгейін атап өтті.
- Павлодарға алғаш келуіміз Алланың бұйрығы болды. Біз кеш келдік. Бірақ фестивальді көріп, қуанып отырмыз. Қазақстанның облыстарынан мықты ұжымдар келді. Тамаша фестиваль өтіп жатыр, нағыз театр мерекесі деуге болады. Мақсатымыз – тәжірибе алмасу, шеберлік сабақтарына қатысу. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ең бастысы, алдыңғы қатарлы театр сыншылары өз ойларын айтып жатыр. Біз әрдайым сын-пікірді қабылдауға, үйренуге және кемшіліктерімізбен жұмыс істеуге дайынбыз, – деді ол.

Алымқұл Исаков үшін Қазақстанның орны бөлек. Ол Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының актерлік факультетін тәмамдаған. Сондай-ақ Қазақстанда әскери қызмет атқарған.
- Қазақстанды менің екінші отаным деуге болады. Өйткені қазіргі Жүргенов атындағы академияның актерлік факультетін бітірдім. Қадиша Бөкеева, Нұрмұхан Жантурин, Асанәлі Әшімов сынды қазақ театрының корифейлерінен тәлім алдық. 66 жасқа келгенде апай-ағайларымның мекеніне қайта келіп, сол театр корифейлерінің алдында қазақтың тағы бір баласы сияқты есеп беруге келгендей сезіндім. Бұған қуаныштымын, – деді театр жетекшісі.
Ол екі ел арасындағы байланысты «бір туған» деген сөзбен ғана шектемейтінін айтты.
- Мен «бір туған» дегім келмейді, бір елміз дегім келеді. Павлодарға студент кезімде келгім келген. Бірақ алыста болған соң жете алмадым. Енді міне, көп жылдан кейін келіп отырмын. Павлодардың халқы қонақжай, меймандос екен. Туғандарымыз келді деп құшақ жайып қарсы алып жатыр. Бұл біздің театр үшін үлкен тәжірибе әрі үлкен сабақ болды, – деді Алымқұл Исаков.

Қырғыз театры фестивальге Қаныбек Иманалиевтің «Құса» шығармасының негізінде қойылған моноспектакльмен келген. Қырғыз халық жазушысы, прозашы Қаныбек Иманалиев бұл туындыны театрға өткен жылы жазып берген.
Спектакльдің негізгі тақырыбы – ана мен әже мейірімі, ұрпақтар арасындағы байланыс және баланың жақынын сағынуы. Алты жасар бала әжесін қатты сағынады. Асығып үйіне келгенімен, әжесінің қайтыс болғанын көреді.
- Біз бұл спектакльді қазақ туғандарымызға ұялмай көрсететін шығарма деп қабылдадық. Көрермендерден жақсы пікірлер айтылып жатыр. «Анамды, әжемді есіме алдым» деп жатқандар бар. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, – деді көркемдік жетекші.

Оның айтуынша, спектакль бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Қырғызстанда да балалардың гаджетке тәуелділігі күшейіп келеді. Сондықтан қойылым арқылы бала мен ата-әже арасындағы байланыстың, ата-анаға деген құрметтің маңызын жеткізу көзделген.
- Қырғызстанда да Батысқа еліктеушілік бар. Дегенмен ата-бабадан қалған ата-анаға, анаға деген құрмет халықтың қанында бар. Әрине, бұл құндылықтар қазір әлсіреп барады. Бірақ біз оны насихаттауға міндеттіміз, – деді Алымқұл Исаков.
Театр жетекшісінің айтуынша, Павлодардағы фестиваль шығармашылық ұжымдар үшін сахнада өнер көрсету ғана емес, өзара тәжірибе алмасып, кәсіби тұрғыда жаңа дүние үйренуге мүмкіндік беріп отыр.
Т. Әжібаев атындағы Алай музыкалық-драма театры – Ош облысының Гүлча ауылында орналасқан Алай ауданының маңызды мәдени орталығы. Мекеме өз тарихын 1946 жылдан бастап, жергілікті драма үйірмесінен толыққанды кәсіби труппаға айналдырды. Бүгінде театр көрнекті тұлға Тоқтоғұл Әжібаевтың есімімен аталады және қырғыздың ұлттық театр өнерін белсенді түрде дамытып, классикалық драмалар мен музыкалық қойылымдарды ұсынады.