Қытайлық инвесторлар Павлодар облысының картобына қызығушылық танытты

Қытайлық инвесторлар Павлодар облысының картобына қызығушылық танытты
Фото: Валерий Бугаев

Өңірде қытайлық селекциядағы жаңа картоп сорттары сынақтан өткізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сәуір айының басында өңір шаруалары облыс әкімі Асайын Байхановпен Қытайға барып, әлемдегі ірі картоп өндіруші кәсіпорындардың бірінің жұмысымен танысты. Аталмыш компанияның картоп сақтау көлемі облыстағы барлық кәсіпорындардың жиынтық қуатынан да жоғары.

Кейін күншығыс халқының инвесторлары аймаққа келіп, облыстағы бірнеше егіс алқабын аралады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамза Оразбековтың айтуынша, олар картоп өсіру және сақтау тәсілдерін көріп, жобаны жүзеге асыруға болатын жерлерді қарастырды.

Бүгінгі күні аймақта қытайлық компания селекциялаған картоп тұқымдарының шамамен 22 тоннасы егілді. Диқандар алғашқы көктеу нәтижелерін күтіп отыр.

– Қытайлық компания фри картобын, картоп тілімдері мен чипс өндірісіне арналған сорттарға қызығушылық танытып отыр. Сондықтан олар үшін өнімнің сапалық көрсеткіштері маңызды. Биыл егілген тұқымдардың нәтижесін көргеннен кейін алдағы ынтымақтастық мәселесі қаралады, – деді Хамза Оразбеков. 

Бұған дейін облыс әкімі Асайын Байханов Snow Valley Agricultural Group Co. Ltd компаниясының топ төрағасы Ван Дэншэ және компания басшысы Чжан Фаньның қатысуымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Жасалған меморандум аясында жылына 100 мыңнан 200 мың тоннаға дейін картопты терең өңдейтін заманауи кешен құруға бағытталған ауқымды инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Еске сала кетейік, өңірде көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Биылғы науқан жаңа тәсілдермен ерекшеленуде. Жыл сайын отырғызылатын дәнді дақылдармен қатар диқандар майлы және өнімділігі жоғары дақылдардың көлемін ұлғайтуда. Сонымен қатар, топырақты қалпына келтіруге мүмкіндік беретін технологияларды да енгізіп жатыр.

Ағымдағы жылы облыста жалпы егіс көлемі 1,7 миллион гектардан асады. Оның ішінде пияз аймақ шаруаларының аграрлық секторларында маңызды орын алуда. Бүгінде шаруа қожалықтары пияз өсіруге біртіндеп бейімделіп, климатқа сай келетін сорттарды таңдауға көшкен.

Сондай-ақ, Ертіс-Баян өңірінде қарақұмық егісінің көлемі он пайызға артады. Қазір аймақта әлеуметтік маңызы бар дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, өткен жылы аймақ диқандары 53 мың гектардан астам жерге қарақұмық ексе, биыл бұл көрсеткішті 60 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.