Пияз Павлодар облысының аграрлық секторында маңызды орын алуда

Пияз Павлодар облысының аграрлық секторында маңызды орын алуда
Фото: Константин Шелков

Бұл көкініс шаруашылық қожалықтарында негізгі дақылдардың біріне айналуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде көкөніс шаруашылығында негізгі бағыттардың бірі – пияз өсіру болып қалып отыр. Бұл дақыл өңірдің егін құрылымында тұрақты орын алған және жыл сайын қала маңындағы шаруашылықтарда, соның ішінде Черноярка аумағындағы алқаптарда өсіріледі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамза Оразбековтың айтуынша, жергілікті шаруалар пияз өсіруге біртіндеп бейімделіп, климатқа сай келетін сорттарды таңдауға көшкен. Нәтижесінде сары және қызыл пияз түрлері тұрақты түрде егіліп, вегетация мерзіміне толық үлгеретін деңгейге жеткен.

– Шаруалар сорттарды нақты жергілікті жағдайға бейімдеп алды. Пияздың сапасы жақсы, пісу мерзімі де сәйкес келеді, – деді Хамза Оразбеков.

Өнім негізінен ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталғанымен, белгілі бір бөлігі сыртқы нарыққа да шығарылады. Дегенмен сала өкілдерінің сөзінше, ел нарығында кей кезеңдерде оңтүстік өңірлерден келетін өнім ертерек пайда болып, баға мен ұсыныс арасында айырмашылық қалыптасады.

Ал қант қызылшасына келсек, бұл дақыл өңірде егілмейді. Себебі оны өткізу мен логистика мәселелері фермерлер үшін тиімсіз болып отыр. Бұған дейін бірнеше жыл бұрын тәжірибе ретінде өсірілгенімен, өндірістік деңгейде тұрақты бағытқа айналмаған.

Аграрлық секторда тәуекелдерді азайту мәселесіне де назар аударылып отыр. Соның ішінде егісті сақтандыру тетігі маңызды рөл атқарады. Бұл жүйе ерікті түрде жұмыс істейді, яғни әр фермер өз шешімімен сақтандыруды таңдайды. Өткен жылғы деректер бойынша, шамамен егіс алқаптарының 70 пайызы сақтандырылған.

Мамандардың айтуынша, мұндай құрал құрғақшылық сияқты тәуекелдер кезінде шаруаларға белгілі бір деңгейде қорғаныс береді. Алайда сақтандыру жасалмаған жағдайда, тек төтенше жағдай режимі жарияланғанда ғана мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі мүмкін.

Айта кетейік, аймақта егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары да жалғасуда. Биыл бидай алқабы 9,5 мың гектарға қысқарады. Дегенмен, дәнді дақылдар негізгі үлесті сақтап қалып, шамамен 650 мың гектар жерге егіледі. Босайтын алқаптарға күнбағыс, рапс, жасымық және зығыр сияқты өнімділігі жоғары дақылдар отырғызылады.