Павлодар облысының шаруалары алқаптарда жаңа технологияларды сынап көруде

Павлодар облысының шаруалары алқаптарда жаңа технологияларды сынап көруде
Фото: Валерий Бугаев

Топырақ құнарлылығын сақтау мен өнім көлемін арттыру үшін шаруалар заманауи әдістерге көшуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл өңірде көктемгі егіс науқаны жаңа тәсілдермен ерекшеленуде. Жыл сайын отырғызылатын дәнді дақылдармен қатар шаруалар майлы және өнімділігі жоғары дақылдардың көлемін ұлғайтуда. Сонымен қатар, топырақты қалпына келтіруге мүмкіндік беретін технологияларды да енгізіп жатыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамза Оразбековтың сөзінше, агротехнологиялық талаптар дұрыс ескерілетін болса, егіншілік маусымы табысты болады.

– Егіс құрылымында жердің тынығуы маңызды рөл атқарады. Демалған жердің өнімділігі әлдеқайда жоғары болады. Қазір шаруалар «белсенді бу» әдісін қолдана бастады. Бұл тәсілде жер бос жатпайды, оған арнайы дақылдар егіледі, – деді Хамза Оразбеков.

Мұндай алқаптарға қыша, бұршақ тұқымдас және басқа да дақылдар себіледі. Уақыт өткен соң олар жиналмай, қайтадан топыраққа жыртылады. Осылайша қарашірік көлемін арттырады. Мамандардың айтуынша, аталмыш әдіс жердің құрылымын жақсартып, ылғалдылық мөлшерін сақтауға көмектеседі.

Бүгінгі күні осындай технологияны Ертіс ауданындағы «Замандас» шаруа қожалығы қолданып келеді. Қожалықта топырақ құнарлылығының артып келе жатқаны байқалуда.

Айта кетейік, аймақта егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары да жалғасуда. Биыл бидай алқабы 9,5 мың гектарға қысқарады. Дегенмен, дәнді дақылдар негізгі үлесті сақтап қалып, шамамен 650 мың гектар жерге егіледі.

Босайтын алқаптарға күнбағыс, рапс, жасымық және зығыр сияқты өнімділігі жоғары дақылдар отырғызылады. Жауапты қызметкерлердің пайымдауынша, бұл тәсіл шаруаларға тәуекелді азайтып, экономикалық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа дақылдарды енгізіп жатқан шаруашылықтардың бірі – «Руслан» қожалығы. Өткен жылы мұнда зығыр өсірілсе, биыл алғаш рет чех селекциясындағы элиталық қыша сұрпы егілген. Қыша тез өсіп, арамшөптер мен өсімдік ауруларының азаюына әсер етеді.Күтілетін өнімділік гектарына шамамен 15 центнерді құрайды. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылы облыста жалпы егіс көлемі 1,7 миллион гектардан асады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,2 мың гектарға артық.

Өсім негізінен майлы дақылдар есебінен қамтамасыз етіледі. Мәселен, күнбағыс алқабы 22 мың гектарға ұлғайды. Сонымен қатар облыс еліміздегі ірі қарақұмық өндіруші өңірлердің қатарында. Биыл қарақұмық егісі жеті мың гектарға көбейіп, жалпы көлемі 60 мың гектарға жетеді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының сөзінше, қазіргі уақытта көктемгі дала жұмыстарына дайындық толық аяқталды. Биыл егіс науқанына аймақ бойынша 1200-ден астам шаруашылық қатысуда.