ҚР Денсаулық сақтау министрі Павлодар облысы тұрғындарымен кездесті

ҚР Денсаулық сақтау министрі Павлодар облысы тұрғындарымен кездесті
Фото: автор

Ақмарал Әлназарова министрлік тарапынан қолдау көрсетілетін үш жедел мәселені атады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапары аясында Павлодар өңіріне келіп, елдегі денсаулық сақтау жүйесінің дамуы мен халық денсаулығын қорғау жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Ведомство басшысы Павлодар облысындағы денсаулық сақтау көрсеткіштері оң әрі тұрақты өсімді көрсетіп отырғанын атап өтті.

– Бұл қуантады. Кеше облыс әкімі Асайын Байхановпен министрлік қолдауын қажет ететін жедел мәселелерді талқыладық. Біріншісі – Ақсу қаласындағы аурухананы қайта жаңғырту, оның құны шамамен 8 миллиард теңге. Биыл қаржы бөлінеді деп үміттенеміз. Екіншісі – облыстық балалар ауруханасына қосымша ғимарат салу, бұл шамамен 15 миллиард теңге сомасындағы жоба. Бұл жоба 2027 жылғы бюджетке енгізіледі деп ойлаймын. Үшіншісі – Павлодар қалалық ауруханасын реконструкциялау. Бірінші кезең аяқталды. Толық аяқтау үшін қазір 6,8 миллиард теңге қажет. Біз өз тарапымыздан жедел мәселелерді шешуде қолдау көрсетуге тырысамыз, – деді министр.

Кездесу барысында Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау жүйесінің негізгі көрсеткіштеріне тоқталды: инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, дәрі-дәрмекпен қамту, кадрлық әлеует, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру және медициналық көмектің қолжетімділігі.

– Медициналық көмектің сапасының негізгі көрсеткіші – күтілетін өмір сүру ұзақтығы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан бойынша көрсеткіш 75,97 жасты құрады. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы жоғары көрсеткіш. Алайда бұл шегі емес, жұмысты жалғастыруымыз керек. Бір ай бұрын Үкімет қаулысымен 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтау жүйесін дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Біз өмір сүру ұзақтығын кемінде 77 жасқа дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, бұл – толықтай қолжетімді көрсеткіш, – деді Ақмарал Әлназарова.

Министрдің айтуынша, елде медициналық кадрларды даярлау күшейтілуде. Бірінші қыркүйектен бастап балалар резидентурасының 14 мамандығы бойынша қосымша орындар бөлінді. Бұл емханалар деңгейінде педиатриялық қызметті күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар пациенттердің қозғалысын оңтайландыру үшін медициналық көмек көрсету стандарттары қайта қаралған.

– Бастапқы медициналық-санитарлық көмек – денсаулық сақтау жүйесіне кіретін алғашқы терезе. Соңғы екі жылда біз осы бағыттағы нормативтік-құқықтық базаны қайта қарауға баса назар аудардық. Медбикелерді оқыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қазір жоғары білімі бар медбике науқастарды өз бетінше қабылдап, ерекше бақылауды қажет ететіндерді шақырып, қадағалай алады. Кезектерді азайту үшін жалпы практика дәрігерлерінің қабылдау уақыты төрт сағаттан алты сағатқа дейін ұлғайтылды, – деді министр.

Сонымен қатар Израиль тәжірибесі негізінде еліміз бойынша 900-ге жуық мобильді бригада енгізілді. Бұл учаскелік дәрігерлердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ медициналық қызметтерге жедел қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін шұғыл көмек кабинеттері ашылды.

Министр скринингтік бағдарламалар мен жаңашылдықтарға да тоқталды.

– Өткен жылдан бастап онкологиялық скринингтер бюджетпен бірге пациенттің мәртебесіне қарамастан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді. Бұрын мақсатты топ 70 жасқа дейін шектелсе, қазір жас шегі 76 жасқа дейін ұлғайтылды. Өткен жылы алғаш рет ерлер арасында инсульт қаупін ерте анықтауға арналған скрининг енгізілді. Олар екі жылда бір рет қан тамырларын тексеруден өтеді. Ерлер әйелдерге қарағанда орта есеппен сегіз жылға аз өмір сүреді, бұл әлемдік үрдіс. Бағдарлама алдымен пилоттық режимде іске қосылды, – деді министр.

Кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне келсек, министрдің айтуынша, Павлодар облысы жақсы нәтижелер көрсетіп отыр.

Өткен жылы өңірге резидентураның 25 мамандығы бойынша 51 грант бөлінді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар есебінен мамандарды тарту мәселелері қаралды.

– Бүгінде Павлодар облысы – бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отырған белсенді өңірлердің бірі. Бұл жұмыс кадр тапшылығын барынша азайтуға бағытталған, – деп атап өтті министр.

Павлодар облысында 129 дәрігерге тұрғын үй түрінде қолдау көрсетілді.

Инфрақұрылымдық жобаларға да ерекше назар аударылды. Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны – фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер салынды. Олардың көпшілігі бұрын медициналық нысандар болмаған елді мекендерде алғаш рет ашылды.

Баяндамадан кейін кездесу «сұрақ-жауап» форматында жалғасты. Көтерілген мәселелердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында қамтылмайтын ПЭТ/КТ зерттеуінің ақылы болуы.

– Маған позитронды-эмиссиялық томографиядан ақылы түрде өтуге тура келді. Тіпті зерттеу үшін шетелге бардым. Шығындарды өтеу үшін өтініш бердім. Қазір бұл зерттеуді тек радиологиялық орталық жүргізеді, бірақ онда нақты мерзімін айта алмайды. Бас миын тексеруінің құны 577 мың теңгеден асады. Біз өмір сүргіміз келеді, күрескіміз келеді, бірақ тексерусіз рецидивтің бар-жоғын анықтау мүмкін емес, – деді павлодарлық тұрғын.

Ақмарал Әлназарова бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын түсіндірді.

Өткен жылдың соңында өңірлерде екі ПЭТ/КТ аппараты орнатылды, алайда мұндай жабдықтың басым бөлігі әлі де Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған.

– Бұл мәселенің толық шешілмеуінің бір себебі – диагностикаға да, ПЭТ/КТ-ға да қажет радиофармпрепараттарға тарифтердің болмауы. Мәселе белгілі, осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Онкология – Мемлекет басшысының бақылауындағы негізгі мәселелердің бірі, – деді министр.

Кездесу барысында медициналық көмек көрсету және инклюзия мәселелері де талқыланды. Бірқатар өтініштер жергілікті деңгейде қаралатын болады.