Үкімет инфляцияны тежеу шараларын күшейтті

Үкімет инфляцияны тежеу шараларын күшейтті
Фото: Константин Шелков

Жиын барысында коммуналдық тарифтер өспейтінін, ал тұрақтандыру қорларындағы жаңа өнімдер талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Инфляцияны тежеу мәселелері жөніндегі жиында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бірқатар сала басшыларының баяндамаларын тыңдады. Күн тәртібінде өңірлік тұрақтандыру қорларын жаңа өніммен толтыру және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың айтуынша, биылға жоспарланған коммуналдық тарифтерді көтеру жұмыстары аяқталған. 

–  Жаңа өтінімдер түскен жоқ. Сондықтан жыл соңына дейін халық үшін де, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілері үшін де тариф бағасы өспейді. Бұл ақылы қызметтердің қымбаттауының инфляцияға ықпалын азайтуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Ал ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік қоры туралы баяндады. Оның айтуынша, картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат жеткізуге арналған келісімшарттар жасалып, 2025–2026 жылдардағы маусымға халықтың қажеттілігінің шамамен елу пайызын қамтып отыр. 

–  Атырау, Алматы облыстары мен Астанада пиязға деген сұраныс толықтай жабылды. Қарағанды, Түркістан, Абай, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Алайда Ақтөбе облысында келісімшарттар жасасу деңгейі төмен, – деді вице-министр.

Жиын барысында Серік Жұманғарин бақылауды күшейту мақсатында арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.

Фото: ҚР-сы Премьер-министрінің баспасөз қызметі