Әлеуметтік кәсіпкер: Павлодарда тігілген ұлтық бұйымдарға сұраныс жоғары
«Темірова» ЖК бүгінгі таңда 3 мүмкіндігі шектеулі жанды тұрақты жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Нұрзия Темірованың әлеуметтік кәсіпкер болуы да тегіннен- тегін емес. Айтуынша, бұл саланы екінің бірі игеріп, ісін алға жылжытып кете алмайды.
- Әлеуметтік кәсіпкер болу үшін ең бірінші адамға түсіну керек. Яғни, ерекше адамдардың тілін таба алатындай, олардың жан дүниесін түсіне алатындай жағдайда болған адам ғана бұл салаға қорықпай қадам баса алады. Менің де осы кәсіпті бастауыма үйдегі ата-анам себепкер болды. Яғни, ол кісілер де 3-топтағы мүмкіндігі шектеулі ададар. Мұндай жандардың ішкі әлемі нәзік, қабылдауы өзгеше, өте таза болады, - дейді кәсіпкер.
Нұрзияның әлеуметтік кәсіпкер статусын алғанына да көп болмаған. Айтуынша, осы саланың іскері екенін растайтын құжатын 2023 жылы ғана алған. Бүгінде қарамағында 3 адам қызмет етеді. Олардың барлығы – мүмкіндігі шектеулі ерекше жандар.

- Біздің қыздар ұлттық нақыштағы заттарды жасайды. Оның ішінде қоржыннан бастап құрақ көрпе, ұлттық киімдерге дейін көз майларын тауысып отырып тігеді. Бұдан бөлек, этно үлгідегі киімдер де бар, - дейді ол.
Әлеуметтік кәсіпкер ісін ілгерілету үшін былтыр мемлекеттен қайтарымсыз 5 миллион теңгенің грантына ие болыпты. Оған жеке кәсіпкерлігіне қажетті құралдар мен тігінге қажетті маталарды сатып алған.
- 2025 жылы алған грантым біздің ісіміздің алға жылжуына өзіндік септігін тигізді. Кемшін тұстарымыздың орнын толтырып, арманымызға бір қадам болса да жақындадық. Себебі, алғаш істі қолға алған кезде біраз қиындықтар болды. Тұрақты команданың құрылуына да 2 жылдай уақыт кетті. Алда үлкен мақсаттарымыз бар, - дейді ол.
Осы ретте кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі адамдардың өзіндік жеке мәселелері барын, олармен тіл табысып, бірлесе жұмыс жасау үшін де адамға үлкен күш пен сабыр керектігін айтады.
Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкер болуға екінің бірінің жүрегі дауаламайтынын айтады. Себебі, мұнда да қордаланған мәселелер жетерлік. Ең бірінші - жұмыс орнына ыңайлы ғимарат табуда қиындықтар кездессе, екіншіден - әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған салық мәселесі де әлі күрделі болып отыр. Алдағы уақытта бұлар да оң шешімін табады дегенге сенеді кәсіпкер.
Ерекше арулардың қолынан шыққан ерекше өнімдер Павлодар қаласы мен ауылдарына және Астана қаласына жиі жөнелтіледі. Ал «Каспи» дүкен арқылы Алматы, Ақтау, Қарағанды, Орал, т.б. қалалардан жиі тапсырыс түсіп тұрады.
Арманы биік, талғамы бөлек нәзік жандыларды қарамағына алған қаршадай қыздың да алар асуы биік болары анық.