Павлодарлық депутаттар дала өртімен күрескен құтқарушыларға азық-түлік жеткізді

Павлодарлық депутаттар дала өртімен күрескен құтқарушыларға азық-түлік жеткізді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жұмат Шанин аулының тұрғындары да тілсіз жаудың көзін жойған құтқарушылардың жағдайын жасауға тырысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

6 қазанда Қарағанды облысының Қоянды ауылы маңында басталған дала өрті Баянауыл ауданының аумағына таралған болатын. Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы өрттің жалпы ауданы 45 мың гектарды құрады. Өкінішке орай, Қарағанды облысында бір құтқарушы қаза тауып, бірнеше адам ауруханаға түсті. Павлодар облысында адам және мал шығыны болған жоқ. Алдын ала эвакуациялаған Желтау ауылының тұрғындары кеше, 7 қазан күні үйлеріне оралды.

– ТЖД, әскерилер, жалпы төрт жүздей адам жұмылдырылып, кеше өрт ауыздықталды. Облыстық мәслихат депутаттарының атынан құтқарушыларға азық-түлік, қажетті заттарын жеткізіп бердік, – деді қоғам белсендісі, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай. – Өрт басталғалы Жұмат Шанин ауылының тұрғындары және мектеп ұстаздары бір адамдай жұмылды. Құтқарушылардың ас-суын әзірлеп, жатын орынмен қамтамасыз етіп, бел жазбай қызмет етуде. Елімізде қандай қиындық болса да, азаматтардың жұдырықтай жұмылып, бірлесе әрекет ететіндері көңіл қуантады.

Еске сала кетейік, Баянауылдағы табиғи өрт сөндірілді. Өрттің ауданы анықталуда.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Асылбек Туғанбайұлы (@asilbektuganbay)