Әнмен өрілген ғұмыр: Шарбақтыда Майра музейінің 25 жылдығы аталып өтті

Әнмен өрілген ғұмыр: Шарбақтыда Майра музейінің 25 жылдығы аталып өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тарихи-өлкетану музейінде «Майра музейі – тарихи 25 жыл» атты этнографиялық көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мерейтойлық шара Майра Шамсутдинова атындағы ән шығармашылығы үй-музейі-нің құрылғанына 25 жыл толуына арналды.

Көрмеге музейдің жетекшісі Ерлан Рахимов, ауданның аға буын өкілдері мен Абай атындағы мектептің оқушылары қатысты.

Ерлан Рахимовтың айтуынша, Майра Шамсутдинова атындағы үй-музей 2001 жылдың қаңтар айында ашылған. Музей орналасқан ғимарат – 1900 жылы ХХ ғасыр басында белгілі көпес Абдул-Фаттах Рамазанов салдырған сәулет ескерткіші. Бүгінде бұл нысан өңірдің тарихи-мәдени құндылықтарының бірі саналады.

Көрме барысында келушілерге әншінің өмірі мен шығармашылық жолын танытатын құжаттар мен фотосуреттер паш етілді. Сондай-ақ музей қорында сақталған бірқатар құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында Майра тұрған көпес Қыстаубаев үйінің бұрышында ілінген естелік тақта, гармонь-тальянка аспабы бар.

Экспозицияның бір бөлігінде ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы бөлме көрінісі қайта жаңғыртылған. Онда құрастырмалы темір кереует, төсек-жабдықтар және қолдан тігілген шымылдық қойылған. Келушілер әсіресе Майраның жеке заттарына – пиала мен қызыл жібек шапанына ерекше қызығушылық танытты.

Шара соңында Ерлан Рахимов жиналған қауымды көрмені аралап көруге шақырып, әр жәдігердің тарихы туралы мазмұнды әңгіме өрбітті. Мерейтойлық көрме ұлттық өнерді ұлықтап, тарихи мұраны насихаттауға бағытталды.