Павлодар аспан астында тарихымен таныстырады

Экспозицияда қола дәуірінен бастап Алтын Орда кезеңіне дейінгі бірегей тарихи жәдігерлер ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, қала күніне орай Павлодарда ашық аспан астындағы көрме ұйымдастырылып, Ертіс-Баян өңірінің бай тарихы мен мәдени мұрасын насихаттау игі дәстүрге айналып келеді.
Биыл көрмеге келгендер «Ертіс-Баян өңірі – тарих мекені» атты экспозицияны тамашалай алады. Онда өлкенің терең тарихынан сыр шертетін бірегей жәдігерлер ұсынылып, осы қасиетті жерде өмір, мәдениет пен мемлекеттіліктің ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келе жатқаны айқын көрініс табады.
– Ашық аспан астындағы «Ертіс-Баян – тарих мекені» көрмесіне келіп, Ертіс жағалауында екі-үш мың жыл бұрын өмір сүрген қола дәуірі тайпаларымен, кейінгі сақтардың, одан соң ежелгі Қимақ мемлекетінің тарихымен танысыңыздар. Сондай-ақ, Алтын Орда дәуіріне жататын XIII–XIV ғасырлардағы бірегей археологиялық олжаларды көруге мүмкіндік бар. Қала қонақтарының қалауы бойынша «Қаз қонысы» палеонтологиялық табиғи ескерткішіне экскурсия ұйымдастырылады. Ерекше тарихи әлемге бірге сапар шегіп, бұл күнді мағыналы өткізейік! – деді ұйымдастырушылар.
Қала тұрғындары мен қонақтары көрмені тамашалаумен қатар, ұсынылған артефакттардың түпнұсқаларын сақтап отырған Г. Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейіне және оның филиалдарына баруға шақырылады. Қала күніне арналған мерекелік күндері облыс орталығындағы барлық музейлерге кіру тегін болады.