Әр бөлмеде аспаптың үні: Павлодарда шығармашыл отбасы жас буынға үлгі болуда

Әр бөлмеде аспаптың үні: Павлодарда шығармашыл отбасы жас буынға үлгі болуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бастамиевтер отбасының шаңырақ көтергеніне 25 жыл толып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облыстық филармония сахнасында өнерімен де, өнегесімен де көпшілікке үлгі болып жүрген ерекше отбасы бар. Жанболат пен Жанар Бастамиевтер жанұясы – музыка арқылы табысқан ерлі-зайыптылар. Бүгінде төрт перзентін тәрбиелеп, шығармашылық пен отбасы құндылықтарын қатар ұштастырып келеді.

Жанболат пен Жанардың алғаш таныстығы музыкалық колледж қабырғасында басталған. Жанболат бір курс жоғары оқыса, Жанар камералық хор бөлімінде білім алып жүрген еді. Сол кезден басталған достық уақыт өте келе үлкен сезімге ұласып, олар отбасын құрды.

– Мен қазір Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінде контрабаста ойнаймын. Ал жұбайым камералық хордың әртісі болып еңбек етеді. Біз алғашында оқу орнында танысып, кейін бір шаңырақ астында өнерімізді де, өмірімізді де жалғап келеміз, – дейді Жанболат Бастамиев.

Бүгінде шаңырақ көтергендеріне жиырма бес жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде олар өнер сахнасында ғана емес, отбасылық өмірде де көпшілікке үлгі болып келеді.

– Жанұяның төрт баласы да өнер жолынан алыс емес. Үлкен қыздары  «Шабыт» өнер университетін вокал мамандығы бойынша тәмамдаса, екінші қыздары флейта мамандығы бойынша оқып жүр. Ұлдары баян класында білім алса, кенжесі мектепке бармағанымен, ән айтуға әуестігін көрсетіп үлгерген, – деді отбасы. 

Жанболат Бастамиевтің айтуынша, өзі де өнерлі әулеттен шыққанын айтты. Оның ағайындарының бәрі домбыра тартып, ән салып, түрлі отбасылық байқауларға қатысқан. Сол себепті кішкентайынан музыкаға жақын болып өсті.

– Жұмыста музыка, үйде музыка. Кейде бір бөлмеде қызымыз флейта ойнаса, екіншісінде ұлымыз баянмен сүйемелдейді, ал біз бірге ән айтамыз. Осылайша үлкен де, кіші де шығармашылықпен тыныстайды. Бұл бізді одан әрі біріктіріп, шабыттандырады, – дейді отбасы басшысы.

Отбасы өмірінде қызықты сәттер де аз емес. Жанардың айтуынша, күйеуі кейде үй шаруасына көмектесіп жүріп, әндетіп көңіл көтереді. Балалар оған қосылып, шаңырақтың шағын концертіне айналып кететін сәттер де жиі болады. 

Балаларын өнерге баулып, ұлт мәдениетіне үлес қосып отырған өнерлі әулет – жас буынға үлгі, отбасылық құндылықтарды дәріптеудің айқын көрінісі.