Павлодар облысында миллиардқа жуық салық жиналды
Оның 70 проценті ірі кәсіпорындарға тиесілі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің 2025 жылы атқарған жұмыс қорытындылары туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтарханов егжей-тегжейлі ақпарат жеткізді.
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі міндеттер орындалды, оның ішінде кірістер түсімдерінің өсу қарқыны қамтамасыз етілді, салық берешегі төмендетілді, салықтық тексерулер саны қысқартылды, мемлекеттік қызметтердің барлық түрлері толық көлемде көрсетілді. Мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер 849,6 миллиардты құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 133 миллиард теңге өсімімен өсу қарқыны 118,6% құрады, - дейді Ержан Тоқтарханов.
Республикалық бюджетке 422,9 миллиард теңге түсті, өсу қарқыны 62,1 миллиард теңгеге өсумен 117,2%-,ды құрады, оның ішінде 22,9 миллиард теңге сомасына кедендік төлемдер, өсу қарқыны 3,9 миллиард теңгеге өсумен 120,7%-,ды құрады. Жергілікті бюджетке 426,7 миллиард теңге түсті, өсу қарқыны 120%.
Ержан Тоқтархановтың сөзіне қарағанда, түскен салықтардың 70 проценті ірі өндіріс орындарына тиесілі, тек 30 пайызға жуығы ғана шағын және орта бизнес өкілдері мен жеке тұлғалар салықтары болып табылады.
Салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша болжамды көрсеткіштерді орындау мақсатында облыстың мемлекеттік кірістер органдары 2025 жылы қосымша резервтерді анықтап, бюджетке 26,3 миллиард теңге өндіріп алды. Оның ішінде республикалық бюджетке 18,7 миллиард теңге, жергілікті бюджетке 7,6 миллиард теңге түсті.
Сондай-ақ 2025 жылы салық төлеушілерге 448 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың 443 мыңнан астамы, яғни 99 пайызы электрондық форматта ұсынылды.