2025 жылы елде шомылу маусымында қанша адамның өмірі құтқарылды?

Қайғылы оқиғалар саны өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға азайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, шомылу маусымы кезінде халықтың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Кешенді тәсілдер мен алдын алу шаралары қайғылы оқиғалар санын айтарлықтай азайтып, жүздеген адамның өмірін құтқарып қалуға мүмкіндік берді.
Елімізде су жағасында жаппай демалуға арналған 722 ресми рұқсат етілген орын ұйымдастырылды. Оның ішінде 245 коммуналдық, 464 жекеменшік жағажай және спорт пен туризмге арналған 13 арнайы алаң бар. Шомылуға тыйым салынған учаскелерге ерекше көңіл бөлінді, 5 021 қауіпті жерге 6 730 тыйым салу белгісі орнатылды. Су айдындарындағы қауіпті учаскелерде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар министрлігі қосымша 201 мобильді құтқару бекетін орналастырды.
Жағдайды бақылау мақсатында он өңірде жағалау сызықтары бейнебақылау жүйелерімен жабдықталып, бейнебақылау жазбалары ТЖД жедел-құтқару жасақтарының кезекші бөліміне бірден беріледі. Алматы және Қонаев қалаларындағы коммуналдық жағажайларда қауіпсіздік аймағының бұзылуын автоматты түрде анықтап, дыбыстық ескерту сигналдарын қосатын жасанды интеллект технологиялары енгізілді.
Профилактикалық жұмыстар аясында ТЖМ Ішкі істер министрлігімен және волонтерлермен бірлесіп 78 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізді. Судағы тәртіп ережелерін бұзған 7 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілді, құтқару және алғашқы медициналық көмек көрсету сабақтары, тренингтер, ата-аналармен және оқушылармен кездесулер өткізілді.
Шомылу маусымында қабылданған кешенді алдын алу шараларының арқасында 276 адамның, оның ішінде 85 баланың өмірі құтқарылды. Қайғылы оқиғалар саны өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға азайды.
Төтенше жағдайлар министрлігі өзіңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін азаматтарды су айдындарында қырағылық танытып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.