Аққулыдағы жазғы демалыс тәрбие мен білім алаңына айналды
Мыңнан астам бала бос уақытын белсенді өткізіп, түрлі іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы ауданында биылғы жазғы кезең оқушылар үшін жай ғана демалыс емес, жаңа білім мен тәжірибе алатын ортаға айналды.
Аудан аумағында өткен «Жазғы хакатон: Идеядан – іске», Travel-лагері, «Тірі тарих» және «Project Bureau: Болашақ агенттігі» секілді бастамалар балалардың қызығушылығына сай әртүрлі бағыттарды қамтыды. Бұл жобалар оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың тұлғалық қалыптасуына да оң әсер етті.

Аққулы ауданы білім бөлімінің әдіскері Әсем Оспанованың айтуынша, жаз мезгілінде іске асырылған іс-шараларға барлық білім беру ұйымдарының оқушылары қатысқан.
– Жобаларға шамамен 1500 оқушы қамтылды. Қатысушылар 3–7-сынып аралығындағы білім алушылар болды. Бұл бастамалар олардың шығармашылық, зияткерлік және жеке дамуына бағытталды, – дейді Әсем Оспанова.
«Жазғы хакатон: Идеядан – іске» аясында оқушылар әлеуметтік, экологиялық және білім беру салаларындағы мәселелерге қатысты өз ойларын ұсынып, жоба құру негіздерін меңгерді. Олар мәселені айқындау, шешу жолдарын ұсыну, топпен жұмыс істеу және жобаны көпшілік алдында қорғау дағдыларын жетілдірді. Мұндай тәжірибе балалардың бастамашылдығын күшейтіп, жауапкершілік пен креативті ойлауын дамытты.

Ал Travel-лагері туған өлкенің тарихы мен табиғатын тануға арналды. Оқушылар аудан аумағындағы тарихи және табиғи нысандарды аралап, өлкетану бағытындағы экскурсияларға қатысты. Саяхат барысында олар өңір туралы жаңа мәліметтер алып, туған жерге деген құрметі артты.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Тірі тарих» жобасы да ерекше қызығушылық тудырды. Оқушылар халқымыздың мәдени мұрасы, тарихи тұлғалары мен маңызды оқиғалар туралы деректермен танысты. Кездесулер, көрмелер мен шығармашылық жұмыстар олардың тарихи санасын қалыптастыруға ықпал етті.

Болашақ мамандықтар әлеміне жол ашқан «Project Bureau: Болашақ агенттігі» кәсіптік бағдар беру бағытын қамтыды. Балалар тренингтерге қатысып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алды. Сондай-ақ өз қабілеттерін анықтауға арналған практикалық тапсырмаларды орындады.
– Мұндай жобалар жазғы демалысты тиімді ұйымдастырып қана қоймай, оқушылардың білімін кеңейтіп, жаңа дағдылар қалыптастырады. Жаз бойғы шаралар олардың шығармашылық әлеуетін ашып, белсенді азаматтық көзқарасын дамытуға ықпал етеді, – деді әдіскер.
Аққулы ауданында жүзеге асқан бұл бастамалар мектеп жанындағы лагерьлердің тек демалыс орны емес, тәрбие мен білім беретін маңызды орта екенін көрсетті. Жазғы тәжірибе оқушыларға жаңа оқу жылын тың серпінмен бастауға мүмкіндік берді.