«Ертіс толқыны»: Баянауыл жастары мәдениет пен құқықтық сауаттылықты насихаттады

«Ертіс толқыны»: Баянауыл жастары мәдениет пен құқықтық сауаттылықты насихаттады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоба үш күнге жалғасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында бастау алған «Ертіс толқыны» жастар жобасы аясында Баянауыл ауданының өнерпаздары мен өнертапқыштары қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, туған өлкенің бай мәдениеті мен өнерін кеңінен насихаттауда.

Жоба барысында аудан өкілдері тұрғындармен және жастармен кездесіп, құқықтық мәдениетті арттыру, заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту, интернет-алаяқтықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидаттарын түсіндіру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шара аясында азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңестер беріліп, ақпараттық материалдар таратылды. Қала тұрғындары мен қонақтары заң мен тәртіп қағидаттарының маңыздылығы жөнінде жан-жақты ақпарат алып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

–  «Заң мен тәртіп» идеологиясы – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ құндылығы. Сондықтан мұндай мәдени-көпшілік іс-шаралар аясында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыстарды жүргізудің маңызы зор, – дейді Баянауыл ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасары Альмира Дисюпова.

«Ертіс толқыны» жобасы өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып қана қоймай, жастар арасында заңға құрмет пен қоғамдық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосуда.

Баянауылдықтар павлодарлықтар үшін түрлі спорттық шаралар ұйымдастырып, қолөнер бұйымдарының сан түрін ұсынып, ұлттық спорт түрінен жарыстар өткізіп, робототехниканың қыр-сырын ашуға барын салуда.

 Жобаның жұмысы бүгін де жалғасуда. Баянауыл ауданының делегациясы тұрғындар мен қала қонақтарына мәдени бағдарламалар ұсынып, «Заң мен тәртіп» қағидаттарын түсіндіру бағытындағы ақпараттық жұмыстарын жалғастыруда.