«Ақсу» Қызылордада жеңісті қолдан беріп қойды
Дегенмен, павлодарлық команда Қазақстан Премьер-лигасындағы алғашқы ұпайына ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Руслан Костышин осы жолы да құрам өзгертті. Қақпада Игорь Трофимец орын алса, орталық қорғаныста Ұлар Жақсыбаевтың орнына Артем Попов шықты. Бұл қадамның қаншалықты қауіпті болғанын уақыт көрсетеді.
Бірінші минуттардан-ақ «Қайсар» қонақтар қақпасына лап қойды. Бесінші минутта Виталий Приндетта әдемі гол соқты. Сәлден соң «қасқырлар» есепті 2:0-ге жеткізуге мүмкіндік алды, дәлірек айтсақ, ондай мүмкіндікті Игорь Трофимец ұсынды. Алайда Никола Дишич мүлт кетті.
Кездесу «Ақсудың» сөзсіз жеңілісімен аяқталады деген жоспарды Тони Сильва болдырмады. Алғашқы қарымта шабуылда португалдық ойыншы айып алаңында пенальтиге қол жеткізді. Оны Брайан Сильва жүзеге асырды. Артынша Тони Сильва айып алаңындағы Мирас Тұрлыбекті дәл көздеп пас шығарды. Соңғысы «Ақсуды» алға шығарды – 2:1.
Есептегі басымдыққа ие болған соң қонақтар қорғанысқа ден қойды. Өз кезегінде, «Қайсар» ес жиып, допты айып алаңына әуелете бастады. Бұл «Ақсу» қорғанысы, нақтырақ айтсақ, қақпашы Игорь Трофимец пен қорғаушы Артем Поповтың мазасын әбден қашырды. Дегенмен, осы сәттерде қарымта шабуылда «Ақсу» тағы гол соғатын мүмкіндікке ие болды. Алайда пенальтиді Артур Мурза кәдеге асыра алмады.
Бұдан соң «Қайсар» тіпті күшейді. Ақыры «Ақсу» қақпасы алдындағы қарбалас алаң қожайындарының есепті теңестіруіне жол берді. Горан Милойконың соққысы қатты болмағанмен, Игорь Трофимец үшін бұл да шешілмейтін жұмбақ болды – 2:2. Келесі сәтте Трофимец-Попов жұбы «Қайсарға» тағы бір мүмкіндікті ұсынды. Бірақ қызылордалықтар оны да пайдалана алмады.
Екінші таймда осындай көріністегі ойын жалғасты. Қос команда да гол соғатындай жағдайда еді. «Қайсарда» ұрымтал сәттер көбірек болғанын мойындау керек. Дегенмен, «Ақсудың» да алға шығуына болар еді, бірақ соңғы ойындарда бабына ене бастаған Мирас Тұрлыбек аяғын допқа тигізе алмады. Қорытынды есеп – 2:2.
Осы ұпайдың арқасында «Ақсу» турнир кестесінің 10-орнына көтерілді. Келесі матч 1 сәуірде Павлодарда өтеді. Сол күні қаламызға «Мақтаарал» қонаққа келеді.