Ақсуда қала дамуына үлес қосатын сарапшылар клубы жұмысын бастады

Ақсуда қала дамуына үлес қосатын сарапшылар клубы жұмысын бастады
ЖИ иллюстрациясы

Клуб қалалық инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру және коммуналдық шаруашылық мәселелерін талқылауды мақсат етеді. Жаңа бірлестік тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы байланысты нығайтып, қала жобаларына тәуелсіз қоғамдық баға беруге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсуда қоғам қайраткері Зада Хайргелдиннің бастамасымен жергілікті тұрғындар мен атқарушы органдар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған сарапшылар клубы құрылды. Клуб құрамына түрлі салада кәсіби білімі мен тәжірибесі бар, қала тұрғындары арасында беделге ие азаматтар енді. 

Клуб жұмысының негізгі бағыттарының бірі – Ақсуды абаттандыру, коммуналдық шаруашылықты дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға қатысты жобаларға тәуелсіз қоғамдық сараптама жүргізу. Мамандардың ұсыныстары қала тұрғындарының мүдделерін күнделікті өміріне әсер ететін шешімдерді қабылдау кезінде ескеруге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Алғашқы отырыста клуб мүшелері алдағы жұмыс жоспарларын талқылап, сараптамалық бағалауды қажет ететін басым бағыттарды айқындады және міндеттерді бөлісті.

Клубты құрушылар жаңа бірлестік қоғам өкілдері мен жергілікті билік арасындағы сындарлы диалог алаңына айналады деп үміттенеді. Мамандардың қалалық бастамаларды талқылауға қатысуы Ақсуда жүзеге асырылатын жобалардың сапасын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.