Ақсуда қарттарға арналған мерекелік кездесу өтті
Шара «Қамқорлық» айлығы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласының шағын ауданындағы кітапханада украин этномәдени бірлестігі «Незабудка» мен «Вдохновение» вокалдық ансамблінің мүшелеріне арнап мерекелік дастархан жайылды. Шараға аға буын өкілдері, шығармашылық ұжымдар мен жас өнерпаздар қатысты.
Кездесуді украин этномәдени бірлестігінің төрайымы Вера Кошевая ұйымдастырды. Мерекелік шараны өткізуге «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ кәсіподақ комитеті мен жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсетті. Олар қонақтарға арналған дастарханды түрлі тағамдармен толтырып, қонақжайлық танытты. Мерекелік дастарханға түрлі тіскебасарлар, жемістер мен тәттілер қойылды. Кәсіпкердің қолдауымен дайындалған палау да қарттардың көңілінен шықты.
Кездесу барысында өнерпаздар аға буынның көңілін көтеру үшін өз өнерлерін ортаға салды. Жергілікті ақын Анна Симонова авторлық өлеңдерін оқыса, кітапхана қызметкерлері қонақтарға түрлі танымдық ойындар мен жұмбақтар дайындаған.
Мерекелік шараның көркін №14 балабақша тәрбиеленушілері кіргізді. Олар келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлап, ән айтып, өлең оқыды.
Сонымен қатар, кеш барысында орыс және украин тілдерінде әндер шырқалды. Қонақтар таныс әуендерге қосылып қана қоймай, би биледі.
Шара соңында ұйымдастырушылар мен қайырымдылық жасаған жандарға алғыс айтылды. Аға буын өкілдері үшін бұл кездесу жақындарымен араласып, жылы ортада уақыт өткізуге және өздеріне деген көңіл мен қамқорлықты сезінуге мүмкіндік берді.