Ақсуда баласына дауыс көтерген мас ананың әрекеті комиссияда қаралады
Былтыр ол кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жазаға тартылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлына күнде айқайлап, агрессивті қараған Ақсу қаласының тұрғыны ұсталды.
– Ол кешке ұлымен бірге досына қонаққа барып, алкоголь ішкен кезде ұсталды. Анасы мас күйінде уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына, ал екі жасар баласы Ақсудағы балалар ауруханасына орналастырылды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина.
Айта кету керек, ана 2023 жылдың маусым айында тәрбие мен білім беру, құқықтар мен мүдделерді қорғау, кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
– Материал кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберілді. Оны ата-ана құқықтарында шектеуге өтінішхат берілді, – деп атап өтті Бибігүл Қамзина.
Өңірде өтіп жатқан «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болғаны үшін 59 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді атқармайтын 16 ата-ана есепке қойылды.