Ақсуда есірткі тұтынған жүргізуші құрықталды
Ер адам жеті жылға куәлігінен айырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, рейд кезінде Астана көшесінде «Audi 80» маркалы автомашина тоқтатылды. Жүргізушінің тәртібі полиция қызметкерлерінің күдігін тудырған. Медициналық куәландыру жүргізушінің есірткіден мас болғанын растады.
– Көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материал сотта қаралды. Сот қаулысымен жүргізуші жеті жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, – дейді департаментте.
Айта кету керек, жыл басынан бері облыс аумағында 124 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан жеті адам қаза тауып, 162 адам жарақат алды.