Ақсуда фельдшерді балағаттаған тұрғынның мінез-құлқы сотта қаралды
Құқық бұзушы өз кінәсін мойындамады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақсу қалалық сотында ӘҚБтК-нің 80-1-бабының 2-бөлігі медицина қызметкерлеріне өздерінің лауазымдық міндеттерін орындауы кезінде құрметтемеушілік таныту бойынша тұрғынға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
2024 жылы 4 сәуірде сағат 22:00 – 23:00 шамасында ер адам тұрғылықты жерінде бола тұра, жедел жәрдем бригадасымен жанжалдасып, жедел жәрдемнің фельдшеріне былапыт сөздер айтқаны анықталды.
Сот ер адамды медициналық қызметкерлерге қатысты лайықсыз мінез-құлық көрсетіп, былапыт сөздерді айтқаны үшін құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп таныды.
Аталған бұзушылық үшін Заңмен отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза көзделген. Жаза тағайындау кезінде құқық бұзушының тұрақты жұмыс орны мен асырауында анасының болуы ескерілді.
– Сот 77 532 теңге сомасындағы әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындады,– деді Ақсу қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.