Ақсулық аурухананың екі корпус арасы жақындай түседі
Галерея қысқы уақытта науқастар мен дәрігерлер суық далаға шықпай, жылы жерден өтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарын Ақсу қаласына қарасты Спутник ауылынан бастады. Ол былтыр қалалық ауруханаға барған кезде, тұрғындар ересектер мен балалар емхана ғимараттарын дәлізбен байланыстыруды сұраған. Бүгінде галереяны салу бойынша құны 205 миллион теңгеден астам жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң нәтиже алды. Бұл туралы Ақсу қалалық ауруханасының Қайырлы Кабулов айтты.
– 347 шаршы метр аумағында екі емхананы қосатын дәлізді салғымыз келеді. Бұл – қысқы уақытта науқастар мен дәрігерлер үшін қолайлы жағдай жасауға көмектеседі. Құрылыс үш айға созылады деп болжаймыз,– деді Қайырлы Кабулов. – Сондай-ақ, жаңа профилактика бөлімшесін құрып, ескі ғимаратты жөндеуден өткізіп жатырмыз. Ол жерде алғашқы тексеру, дәрігерге дейінгі, скринингтік, ерлер, әйелдер, психолог кабинеттері болады.
Асайын Байханов бұл жобаға қолдау білдірді.
– Қаражатты көктемде береміз. Ал сіздер жобаны уақытында іске асырыңыздар,– деді облыс әкімі.
Аурухананың құрамында 177 төсек-орны бар стационарлық қызмет және ауысымда 500 адамды қабылдайтын амбулаториялық емханалық көмек, 7 дәрігерлік амбулатория, 5 ФАП пен медициналық пункт бар. Барлығы 64 мың адамға медициналық қызмет көрсетіледі. 823 қызметкер, оның ішінде 128 дәрігер, 361 орта медициналық персонал жұмыс істейді. Аурухана директорының айтуынша, жалпы практика дәрігерлерінің тапшылығы сезілуде.