Ақтоғайда игілікті акция жалғасын тапты
Биыл Ақтоғай ауданында Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған «Жеңімпаздар аллеясы» еске алу акциясы жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылғыдай аудан орталығындағы Жеңіс саябағында Ақтоғай, Приреченск, Харьковка және Жоламан ауылдарынан шыққан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды. Аталған акция ақтоғайлықтар тарапынан үлкен қолдау тауып, жерлестеріміз – Ұлы Жеңіс қаһармандары туралы тарихи жадыны сақтаудың маңызды бөлігіне айналды.
Акцияға аудан тұрғындары өздерінің Ұлы Отан соғысына қатысқан туған-туыстары мен жақындарының есімін ұлықтау үшін шақырылды. Саябақ аумағында аллеяны бірізді форматта жасау мақсатында фотосуреттерге арнайы талаптар қойылды. Атап айтқанда, суреттер белгілі бір көлемде, бірыңғай түстік үлгіде ұсынылуы тиіс болды. Сондай-ақ соғыс ардагері туралы мәліметтер де арнайы үлгіде рәсімделді.
Дайын материалдар 2026 жылғы 6 мамырға дейін аудандық кітапханада қабылданды. Алдағы уақытта олар сол жерде сақталып, жыл сайын 9 мамыр қарсаңында Жеңіс саябағында қайтадан көпшілік назарына ұсынылатын болады.