Павлодарлық әйелдер тұрмыстық жанжал бойынша жазған арыздарын жиі қайтарып алады

Павлодарлық әйелдер тұрмыстық жанжал бойынша жазған арыздарын жиі қайтарып алады
Фото: жасанды интеллект

Бұл заңдағы өзгерістерге байланысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясы өтіп жатыр. Осыған орай мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жағдайлар туралы айтып өтті.

Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы Индира Жүсіпованың айтуынша, орталыққа тұрмыстық жанжалдар бойынша шақыртулар жиі түседі.

– Бізге «әйелді ұрды», «медициналық көмек қажет» деген сияқты шақырулар келеді. Бірақ жәбірленуші шағым жазбағандықтан, қылмыстық іс көп жағдайда қозғалмайды. Біз әрдайым әйел адамдарға «жақсы, кейін татуласамыз» деп күтпей, бірден полиция шақыру керектігін айтамыз. Себебі уақытында шақырту – ауыр қылмысты алдын алады, – деді ол.

Маман тұрмыстық зорлық тек жағдайы нашар отбасыларда ғана емес, кез келген ортада болуы мүмкін екенін атап өтті. Оның сөзінше, әдетте профилактикалық есепте тұрғандармен жұмыс істеу жеңіл – олар бақылауда.

– Көптеген ауыр қылмыстар алғаш рет жасалғандардан шығады. Бұрын олардың аттарына ешқандай шақыруы болмаған. Жалпы портретке келсек, мас күйінде болған, 35 жастан асқан, жұмыссыз, ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдар жиі кездеседі, – деді Индира Жүсіпова.

Қазіргі уақытта әйелдердің 60 пайыздан астамы арызын кері қайтарып алады. Бұл бірнеше баптың қылмыстық кодекске ауыстырылғанымен байланысты.

– 73-1 және 73-2 баптар қылмыстық кодекске ауыстырылды. Яғни құқық бұзушы енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осыны білген әйелдер арыздарын кері алады. Мұндай жағдайларда біз материалдарды әкімшілік тәртіпке өткіземіз, өйткені құқық бұзушы жазасыз қалмауы керек. Одан кейін қорғау нұсқамасын шығарамыз, арнайы талаптар қоямыз, – деді аға инспектор.

Мамандардың айтуынша, қайталанатын құқық бұзушылар бар, бірақ олардың саны көп емес – әсіресе қылмыстық істер бойынша қайталану аз.