Ақтоғайда полиглоттар арасында тілдік байқау жарияланды

Ақтоғайда полиглоттар арасында тілдік байқау жарияланды
Фото: Константин Шелкоа

Үш тілді жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы жастар қатысып, сыйлықтар ұта алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ақтоғай ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі «Тіл шебері» байқауын ұйымдастырады. Байқау наурызда өтеді және бірнеше кезеңдерден тұрады:

1. «Елтаным»– қатысушы қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, негізгі атаулы даталар, қазақ жері және оның аймақтары жөніндегі үш тілде ой толғайды. Бір тілде айтылған ой екінші тілде қайталанбау керек (айтылатын ой қазақ тілінде басталып, орыс тілінде жалғасып, ағылшын тілімен аяқталады);

2. «Сөзтаным» – билет арқылы мақал-мәтелдерді окып, орыс және ағылшын тілдеріндегі баламасын немесе аудармасын айту. Мақал-мәтелдің мағынасын қазақ тілінде ашу; 

3. «Ойтаным» – берілген ортақ тақырып бойынша мемлекеттік тілде эссе жазу. Көлемі 1 беттен аспауы тиіс. 

Қазылар алқасының кұрамына тіл мен әдебиет, педагогика салаларының зиялы қауым өкілдері кіреді. 

Байқаудың женімпаздары мен жүлдегерлеріне сымсыз құлаққап, сағат, электр шәйнек және тағы да басқа сыйлықтар беріледі. 

Байқауға өтінімдер 26 ақпанға дейін Ақтоғай ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ovpakt@mail.ru электронды мекенжайына жолдануы тиіс.