Министр: Павлодар облысындағы техногендік апатты жоюға көмектескендерге алғыс
Астана қаласының Достық үйінде Алғыс айту күніне арналған телекөпір барысында мерекелік шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аталған іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 40-қа жуық Достық үйі онлайн форматта қосылып, 400-ден астам адам қатысты.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мерекенің жыл өткен сайын мәні мен мазмұны тереңдеп, салмағы мен сипаты, құндылығы артып келе жатқанын атап өтті.
– Пандемия кезеңі, Маңғыстау өңіріндегі құрғақшылық, Қостанай облысындағы орман өрті, Павлодар облысындағы техногендік апат сияқты төтенше және табиғи жағдайда зардап шеккен халыққа көмек көрсеткен Қазақстан құтқарушылары мен дәрігерлеріне, еріктілерге, түрлі маман иелері мен қарапайым азаматтарымызға, жастарымызға ризашылық білдіреміз, – деді Дархан Қыдырәлі.
Сонымен қатар С.Торайғыров университетінің Қазақстан Халқы Ассамблеясының кафедра меңгерушісі Арман Айтмұхаметұлы облыстың бүгінгі күнгі батырларын мерекемен құттықтады.
– Мен үшін бұл мереке ерекше. Наурыздың алғашқы бірінші күні жаңа үміттер мен ойлар әкеледі. Сонымен сәйкес Алғыс айту күні әрбір адам мен отбасы үшін ерекше күн деп есептеймін. Себебі баршамыз үшін отбасымыз, жақындарымыз ата-аналарымыз бен балаларымыз жүрегімізден ерекше орын алады. Наурыздың осындай керемет әрі шуақты күні барлығына алғыс білдіргеніміз өте жөн, – деді Арман Айтмұхаметұлы.
Айта кетейік, облыс әкімі Асайын Байханов Алғыс айту күніне орай Екібастұз қаласының тұрғындары мен орын алған ТЖ уақытында аянбай, халық үшін еңбек еткен қызметкерлерге ризашылығын білдірді.